Назарбаев Зияткерлік мектептері жатақханаларының қызметін ұйымдастыру ережесі

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқармасының шешімімен бекітілген

«11» маусым 2020 жыл (хаттама №23)

Назарбаев Зияткерлік мектептері

жатақханаларының қызметін ұйымдастыру ережесі

 

  1. Жалпы ережелер

 

  • «Өркен» білім беру грантының иегерлері;
  • ақылы негізде білім алушылар.
  1. Зияткерлік мектептердің жатақханалары өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының (бұдан әрі – ДББҰ) Жарғысы мен нормативтік құқықтық актілерін, Зияткерлік мектептің ережесін және осы Ережені басшылыққа алады.
  2. Жатақханалар келесі міндеттерді жүзеге асырады:
    • оқушылардың жатақханада жайлы және қауіпсіз жағдайларда тұруын қамтамасыз етеді;
    • білім алу, оқушылардың зияткерлік, шығармашылық, рухани және дене қабілеттерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салты әдетінің берік негіздерін қалыптастыру үшін жағдай жасайды;
    • оқушының толыққанды дамуын қамтамасыз ету үшін, ата-аналармен тиімді өзара байланысты және ынтымақтастықты ұйымдастырады.
  3. Жатақханадан орын бөлумен Зияткерлік мектептің жатақханасынан орын бөлу жөніндегі Комиссиясы (бұдан әрі – Комиссия) айналысады. Комиссия жұмысының тәртібі осы Ереженің 2-тарауына сәйкес жүзеге асырылады.

 

  1. Комиссия жұмысының тәртібі

 

  1. Комиссия Зияткерлік мектеп директорының бұйрығы негізінде құрылады.

Нұрсұлтан қаласының Зияткерлік мектептерінде Комиссия Нұр-сұлтан қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектеп директорының бұйрығы негізінде, Нұр-сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектеп директорымен келісе отырып  құрылады.

Алматы қаласының Зияткерлік мектептеріндегі Комиссия Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектеп директорының бұйрығы негізінде, Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектеп директорымен келісе отырып құрылады.

  1. Комиссияның құрамына Комиссияның төрағасы, мүшелері және хатшысы кіреді. Комиссия төрағасы Зияткерлік мектептің директоры болып табылады, оның мүшелері директордың орынбасарлары, жатақхана меңгерушісі, заңгер, педагог-психолог, дәрігер-педиатр, медбике, оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымының, ата-аналар комитетінің өкілдері бола алады.

Комиссия мүшелерінің саны тақ, комиссия мүшесі болып табылмайтын және шешім қабылдау кезінде дауыс беру құқығы жоқ хатшыны есептемегенде, жеті адамнан кем болмауы тиіс.

Комиссия хатшысы Комиссияның ұйымдастыру қызметін жүзеге асырады және Комиссия отырыстарының хаттамаларын жүргізеді.

  1. Нұр-сұлтан және Алматы қалаларының Зияткерлік мектептері Комиссиясының құрамына қаладағы әрбір Зияткерлік мектептен мүшелер тең дәрежеде кіреді.
  2. Комиссия жыл сайын Зияткерлік мектептің оқушылары тұратын көліктік қолжетімділігі және қамтамасыз етілуі шектеулі, Зияткерлік мектептің тұрған жерінен барынша алыс елді мекендердің, қаланың шағын аудандарының тізбесін (бұдан әрі – тізбе) жасайды және Зияткерлік мектеп директорына бекітуге ұсынады.
  3. Алдағы оқу жылына жатақханаға орналасуға үміткер оқушылардың заңды өкілдерінің өтініштерін қабылдау және комиссия отырысын ұйымдастыру жыл сайын оқу жылы аяқталғаннан кейін, 1 шілдеге дейін, мектеп директорының бұйрығы негізінде жүзеге асырылады. Қажет болған жағдайда, форс-мажорлық жағдайлар туындаған кезде, комиссия өтініштерді қабылдау мерзімін ұзартуға және отырысты неғұрлым кеш мерзімде өткізуге құқылы.
  4. Комиссия осы Ереженің 3-тарауында көзделген тәртіпті басшылыққа ала отырып, оқушылардың заңды өкілдерінің (ата-аналары, бала асырап алушылар, қамқоршы, патронат тәрбиеші, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес балаға қамқорлық жасауды, білім беруді, тәрбиелеуді, құқықтары мен мүдделерін қорғауды жүзеге асыратын басқа да оларды алмастыратын адамдар) барлық өтініштерін қарайды және шешім шығарады.
  5. Қажет болған жағдайда Комиссия тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларын тексеру және актілеу, отбасының психологиялық ахуалын анықтау үшін, оқушының үйіне барады. Бұл ретте тексеру: тұрғын үйдің нақты жай-күйін, онда тұратын адамдардың санын, отбасының материалдық жағдайын, санитарлық жағдайын, балаға бөлінген орынның болуын (сабақ оқуға, ұйықтауға арналған орын) анықтауға, заңды өкілдердің баланың толыққанды дене бітімі, психикалық, адамгершілік және рухани дамуы үшін қажетті жағдайлар жасауға дайындығын бағалауға тиіс.
  6. Шешімді Комиссия бекітілген Комиссия құрамының кемінде 2/3 кворум кезінде жай көпшілік дауыспен қабылдайды және Комиссияның қатысып отырған мүшелері қол қоятын хаттама нысанында ресімделеді.
  7. Комиссияның шешімі негізінде Зияткерлік мектептің директоры оқушыларға жатақханадан орын беру туралы бұйрық шығарады.
  8. Жатақханадан орын осы Ереженің 21, 22-тармақтарына сәйкес ақысыз және ақылы негізде беріледі.

 

  1. Жатақханадан орын беру шарттары мен тәртібі

 

  1. Жатақханадан орын қолда бар орындар санына қарай оқу орны бойынша тұрғын үйге мұқтаж оқушыларға Зияткерлік мектепте оқу кезеңі аралығында беріледі.
  2. Жатақханаға денсаулық сақтау саласының уәкілетті органы бекіткен тізбеге сәйкес медициналық қарсы көрсеткіштері жоқ оқушылар қабылданады. Жатақханаға орналасу кезінде оқушылар медициналық тексеруден өтеді және мектептің дәрігер-педиатрының сұрауы бойынша, паразиттік, жұқпалы және басқа да аурулардың алдын алу бойынша санитарлық ережелердің талаптарына сәйкес медициналық құжаттарды тапсырады.
  3. Жатақханадан орынға үміткер оқушының заңды өкілінің өтініші Зияткерлік мектеп директорының атына жазбаша түрде сәйкес формада ұсынылады:

– егер оқушы осы Ереженің 21-тармағының 1), 2) тармақшаларында немесе 22-тармағында көрсетілген санаттарға жататын болса, осы Ереженің 1-қосымшасына сәйкес формада өтініш береді;

– егер оқушы осы Ереженің 21-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген санаттарға жататын болса, осы Ереженің 2-қосымшасына сәйкес формада өтініш береді.

  1. Өтініш берген кезде оқушының заңды өкілі өтінішке мынадай құжаттарды қоса береді:

1) туу туралы куәліктің көшірмесі, ЖСН көрсетілген туу туралы куәлікке қосымша беттің көшірмесі және оқушының жеке куәлігінің көшірмесі;

2) оқушының заңды өкілдерінің жеке куәлігінің көшірмесі;

3) egov.kz электрондық үкімет порталынан оқушының және оның заңды өкілдерінің тіркелген мекенжайы бойынша деректер (скриншот). Өтініш берілген күні сол мекенжай бойынша тіркелгеніне кемінде 1 (бір) жыл уақыт өтуі керек. Бұл талап басқа қалалар мен ауылдарда тұратын оқушыға және оның заңды өкілдеріне қатысты.

Басқа жағдайларда (мекенжай бойынша тіркелгеніне 1 жылдан кем болған жағдайда) төмендегі құжаттарды ұсынады:

– жұмысы ауысып, басқа жерге жақын арада көшкен жағдайда міндетті түрде жұмысқа қабылдау туралы бұйрық көшірмесі, жұмыс орнынан анықтама;

– басқа да отбасылық жағдайларға байланысты басқа жерге көшкен жағдайда egov.kz электрондық үкімет порталының деректер базасынан растайтын құжаттар немесе білім алушының және оның заңды өкілдерінің нақты тұрғылықты жері көрсетілген кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің анықтамасы;

4) оқушының заңды өкілдерінің жалақысы көрсетілген жұмыс орнынан анықтама немесе ата-ананың (баланың заңды өкілінің) жұмыссыз ретінде тіркелгенін растайтын өңірдің, елді мекеннің жергілікті атқарушы органның анықтамасы;

5) заңнамада белгіленген тәртіппен соңғы 6 ай ішінде берілген бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшысы қаражатының түсуі және қозғалысы туралы ақпарат;

6) егер оқушы көп балалы отбасынан шыққан болса, басқа кәмелетке толмаған балалардың туу туралы куәлігінің көшірмесі және кәмелетке толған балаларына күндізгі оқу формасында оқитыны туралы оқу орнынан анықтама;

7) егер оқушы немесе оқушының заңды өкілдері І, ІІ және ІІІ топтағы мүгедектер болып табылса, заңнамада белгіленген форма бойынша мүгедектігі туралы анықтама;

8) аз қамтылған азаматтар үшін – өтініш беруші және оның отбасы заңнамада белгіленген тәртіппен жергілікті атқарушы органдар тарапынан мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатынын растайтын анықтама;

9) ішкі істер органдары, жергілікті атқарушы органдар беретін, өтініш берушінің және оның отбасының қолайсыз отбасы ретінде есепке алынғанын растайтын анықтама (болған жағдайда);

10) егер оқушы толық емес отбасынан шыққан жағдайда, оқушының ата-анасының біреуінің жоқтығын растайтын құжаттардың көшірмесі (қайтыс болғаны туралы, некені бұзу туралы куәліктің көшірмесі, № 4 нысан).

Қажет болған жағдайда Комиссияның ұсынылған мәліметтердің дұрыстығын салыстырып, тексеруге құқығы бар.

  1. Оқушының заңды өкілдерінің жатақханадан орын беру туралы өтініштері осы Ереженің 3-қосымшасына сәйкес өтініштерді тіркеу журналына тіркеледі. Өтініштерді есепке алуды жатақхана меңгерушісі жүргізеді.
  2. Төмендегі «Өркен» білім беру гранты иегерлерінің Зияткерлік мектепте оқу кезеңінде жатақханада тұру орнын ақысыз негізде алуға құқылары басым:

1) балалар үйлерінің тәрбиеленушілері және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, жетім балалар;

2) басқа қалалар мен ауылдық жерлерден келген оқушылар:

 – осы Ереженің 12-тармағына сәйкес баланың толық дене бітімі, психикалық, адамгершілік және рухани дамуы үшін қажетті жағдайлар жасауға дайындығын бағалау негізінде заңды өкілдер, өгей әкесі, өгей шешесі тарапынан зорлық-зомбылыққа немесе қатыгездікке ұшырайтын қолайсыз отбасыларының балалары;

– I, II немесе III топтағы мүгедек оқушылар;

– заңды өкілдерінің біреуі немесе екеуі де I, II немесе III топтағы мүгедектер санатына жататын оқушылар;

– заңды өкілдері аз қамтылған азаматтарға жатқызылған көп балалы отбасынан шыққан оқушылар;

– заңды өкілдері аз қамтылған азаматтарға жатқызылған толық емес отбасынан шыққан оқушылар;

– заңды өкілдері аз қамтылған азаматтарға жатқызылған оқушылар;

– осы санаттардың біріне жататын 7-сынып оқушыларының жоғары сыныптарға қарағанда құқығы басым.

3) Зияткерлік мектеп орналасқан қалада тұратын оқушылар (жергілікті оқушылар):

– осы Ереженің 12-тармағына сәйкес баланың толық дене бітімі, психикалық, адамгершілік және рухани дамуы үшін қажетті жағдайлар жасауға дайындығын бағалау негізінде заңды өкілдер, өгей әкесі, өгей шешесі тарапынан зорлық-зомбылыққа немесе қатыгездікке ұшырайтын қолайсыз отбасылардың балалары;

– I, II немесе III топтағы мүгедек оқушылар;

– заңды өкілдерінің біреуі немесе екеуі де I, II немесе III топтағы мүгедектер санатына жататын оқушылар;

– заңды өкілдері аз қамтылған азаматтарға жатқызылған көп балалы отбасынан шыққан оқушылар;

– заңды өкілдері аз қамтылған азаматтарға жатқызылған толық емес отбасынан шыққан оқушылар;

– заңды өкілдері аз қамтылған азаматтарға жатқызылған оқушылар;

– Зияткерлік мектептен барынша алыс тұратын немесе тізбеге сәйкес көлік қолжетімділігі және қамтамасыз етілуі шектеулі оқушылар. Зияткерлік мектептен барынша алыс тұратын 7-сынып оқушыларының жатақханада тұру құқығы басым.

  1. Мектеп пен жатақхананың толықтырылу жоспарына сәйкес бос орындар болған жағдайда, Комиссия ақылы негізде жатақханадан орын бөлуге құқылы. Жатақханада тұру құны ДББҰ Басқармасының шешімімен бекітіледі.
  2. Егер бір санаттағы бірнеше оқушы бір күнде өтініш білдірсе, онда өтініштерді тіркеу уақыты ескеріледі.
  3. Оқу жылы ішінде осы Ереженің 21-тармағының 3) тармақшасына сәйкес санаттағы оқушылар жатақханада бос орындардың болмауы себебінен Комиссияның шешімі негізінде 21-тармақтың 1) және 2) тармақшаларына сәйкес санаттарға жататын оқушыларға өз орнын босатады.

Шешім қабылдау кезінде Комиссия оқушы отбасысының әлеуметтік мәртебесін, тұратын жерінің Зияткерлік мектептен қашықтығын және көліктің қолжетімсіздігін, шектелуін ескереді. Жатақханадан орнын босататын оқушылар туралы мәліметтерді есепке алу осы Ереженің 24-тармағының 4, 5-қосымшаларына сәйкес формада жүргізіледі.

  1. Оқушыларды жатақханаға орналастыруды жатақхана меңгерушісі Зияткерлік мектеп директорының бұйрығы, Білім беру қызметін көрсету туралы шарт, ақылы қызмет көрсету ережелері, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ға ақылы негізде оқуға қабылдау ережелері негізінде жүргізіледі.
  2. Жатақхана меңгерушісі немесе ол жоқ кезде оның қызметін уақытша атқарушы адам осы Ереженің 6-қосымшасына сәйкес жатақханада тұратын оқушыларды есепке алу журналын жүргізеді.
  3. Осы Ереженің талаптарына жауап беретін, бірақ жатақханадағы орынның шектеулі санына байланысты жатақханадан орын алмаған оқушылар осы Ереженің 7-қосымшасына сәйкес жатақханаға мұқтаж оқушылардың резервтік тізіміне (бұдан әрі – резервтік тізім) енгізіледі.
  4. Резервтік тізімді қалыптастыру кезінде Комиссия жатақханадан орын беру шарттары мен тәртібін ескереді.

 

  1. Оқушылардың жатақханада тұру тәртібі

 

  1. Жатақханаға орналасу кезінде білім алушы мен оның заңды өкілдері аталған Ережемен, Ішкі тәртіп ережелерімен, Санитарлық ережелермен, қауіпсіздік техникасы және өрт қауіпсіздігі ережелерімен танысып, қол қояды.
  2. Әр оқушыға тұрғын үй алаңы қолданыстағы Санитарлық ережелер нормаларына сәйкес беріледі.
  3. Осы Ереженің 8-қосымшасына сәйкес жеке пайдалануға арналған мүлік (төсек-орын жабдықтары, матрац, жастық, көрпе, төсек-орын жабдықтары), жалпы пайдалану заттары (үстел, төсек жанындағы тумбочкалар, шкафтар және т.б.) оқушыға оның заңды өкілі қабылдау-тапсыру актісіне қол қойғаннан кейін беріледі.
  4. Мүліктің бүлінуіне жол берген оқушының заңды өкілі келтірілген залалды қолданыстағы заңнамаға сәйкес өтеуге міндетті.
  5. Жатақхана сағат 6.00-де ашылады және сағат 20.00-де жабылады. Жатақханада оқушылар 22.00-де ұйықтауға жатады. Оқушылар сағат 22.00-ден кейін тыныштықты сақтауы керек.
  6. Жанжал немесе басқа себептер салдарынан бөлмеде басқа оқушылармен бірге тұру мүмкін болмаған жағдайда, оқушыларды бір бөлмеден екіншісіне ауыстыру жатақхана меңгерушісінің келісімі бойынша жүргізіледі.
  7. Зияткерлік мектеп директорының бұйрығы бойынша, демалыс және мереке күндері, медициналық мекемеде, балалар санаторийінде емделу үшін, отбасы жағдайына немесе басқа да дәлелді себептерге байланысты оқушыларға жатақханадан уақытша шығуға рұқсат етіледі.

Ол үшін заңнама талаптарына сәйкес білім алушының заңды өкілі немесе ол уәкілеттік берген тұлға (бұдан әрі – уәкілетті тұлға) білім алушының жатақханадан кетуіне екі күн қалғанға дейін жазбаша өтініш беруге міндетті.

  1. Заңды өкілдер немесе олар уәкілеттік берген адамдар жатақханаға келген және жатақханадан кеткен кезде оқушыны алып жүруі тиіс. Еріп жүретін адамдар болмаған жағдайда оқушы жатақханада қалады.
  2. Каникул кезінде оқушылар жатақханадан кетуі керек, алайда оқушының үйі Зияткерлік мектептен алыс орналасып, бірнеше күн бойы жол жүруді қажет еткен жағдайда, қысқа мерзімге берілетін күзгі және көктемгі каникулда оқушының жатақханада қалуына болады.
  3. Оқушы ауырған жағдайда жатақхана қызметкерлері Зияткерлік мектептің әкімшілігі мен оқушының заңды өкілдеріне хабар береді.
  4. Жедел медициналық көмек шақырылған жағдайда, білім алушыны алып жүруді оның заңды өкілі немесе ол уәкілеттік берген тұлға, ал олар болмаған жағдайда жатақхана қызметкері жүзеге асырады.
  5. Инфекциялық аурулар кезінде оқушыны оқшаулауды талап ететін жағдайда, сондай-ақ оқушыны медициналық мекемеде тексерту қажет болғанда, созылмалы аурулары өршіп, қатты ауырған жағдайда, заңды өкілдер оқушыларды үйге алып кетуге міндетті.
  6. Оқушыларға жатақханаға келуге олардың заңды өкілдеріне немесе басқа да жақын туыстарына ғана рұқсат етіледі. Келу күні мен уақыты: жұма-жексенбі, сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін.
  7. Келушілер жатақханаға кірер кезде, кезекшіге жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуі қажет. Жатақхана кезекшісі журналда келушілердің есебін жүргізеді және жатақханадағы тәртіптің сақталуына жауап береді.
  8. Келуші өзі келген оқушының еріп жүруімен ғана жатақханаға кіруі мүмкін. Оқушы келушінің жатақхана тәртібін сақтауына жауапты.
  9. Дөрекілік танытқан, шамадан тыс мас күйдегі келушілер жатақханаға кіргізілмейді. Осы Ережені бұзған жағдайда, жатақхана меңгерушісі жекелеген адамдардың жатақханаға кіруіне тыйым салуға құқылы.
  10. Оқушы келесі жағдайларда жатақханадан шығарылуы тиіс:

1) ағымдағы оқу жылы аяқталғаннан кейін;

2) Зияткерлік мектептен шығарылған жағдайда;

3) осы Ереже нормаларын және Ішкі тәртіп ережелерін бірнеше рет бұзғаны үшін (оқу жылы ішінде кемінде 3 рет);

4) заңды өкілдің өтініші бойынша;

5) академиялық демалысты үш айдан астам мерзімге ресімдеу кезінде;

6) дәлелді себептерсіз 10 (он) күнтізбелік күннен артық жатақханада болмаған жағдайда;

7) экстернат формасында оқуға ауысқан жағдайда;

8) осы Ереженің 24-тармағына сәйкес жағдай орын алғанда;

9) тұру үшін төлем төлеу мерзімі үш күннен артық кешіктірілген жағдайда (ақылы негізде тұратын оқушылар үшін);

10) заңды өкіл ұсынған мәліметтерде дұрыс емес ақпарат анықталған жағдайда.

  1. Оқушыны шығару жатақхана меңгерушісінің ұсынысы және толтырылған кету парағының негізінде Зияткерлік мектеп директорының бұйрығы бойынша жүзеге асырылады.
  2. Оқушы үш күн мерзімде заңды өкілінің қатысуымен тұратын жерін босатып, жатақхана меңгерушісіне таза күйінде тұрғын бөлмені және алған мүлкін жарамды күйде тапсыруы тиіс. Жатақханадан шығарылған адамдарға жатақханаға кіруге жол берілмейді.
  3. Осы Ереженің 45-тармағының 5), 8), 9) тармақшаларына сәйкес, шығарылған оқушыны қайта орналастыру туралы мәселе келесі оқу жылында бос орын болған жағдайда қаралуы мүмкін.

 

  1. Жатақханада тұратын оқушылардың құқықтары мен міндеттері

 

  1. Оқушылардың төмендегідей құқығы бар:

1) оқу және мәдени-тұрмыстық мақсаттағы үй-жайларды, жатақхана мүлкін пайдалануға;

2) тұрғын бөлмеде жеке заттарды (іш киімді) жууға және кептіруге;

3) жатақхана меңгерушісінің келісімі бойынша басқа тұрғын бөлмеге қоныс аударуға;

4) жатақхана әкімшілігіне тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларын жақсарту, тәрбие жұмысын ұйымдастыру жөнінде ұсыныстар мен ескертулер беруге;

5) заңды өкілдерінің не олар уәкілеттік берген адамдардың еріп жүруімен жатақханадан мереке, жұмыс күндері және демалыс күндері, каникулға уақытша кетуге;

6) жатақхананың өзін-өзі басқару органдарын құруға қатысуға және олардың құрамына сайлануға;

7) секцияларға, үйірмелерге, курстарға қатысуға, Зияткерлік мектеп филиалы директорының бұйрығы немесе оқушының заңды өкілінің жазбаша өтініші негізінде Зияткерлік мектеп және жатақхана аумағынан тыс жерлерде орналасқан қосымша білім беру ұйымдары өткізетін жарыстарға қатысуға.

  1. Оқушылар міндетті:

1) осы Ережені, Ішкі тәртіп ережелерін, санитарлық ережелерді, қауіпсіздік техникасы және өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға;

2) жатақхана мүлкіне ұқыпты қарауға;

3) тұрғын бөлмелерде және жалпы пайдаланылатын орындарда, жатақхана аумағында тазалық пен тәртіпті сақтауға, күн сайын өз бөлмесін тазалауға;

4) суды, газды, электр энергиясын үнемді жұмсауға;

5) бөлмеден шыққан кезде жарықты, суды өшіруге, терезелер мен есіктерді жабуға;

6) санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес жеке гигиена ережелерін сақтауға, төсек-орын жабдықтары мен сүлгілерді жеті күнде кемінде бір рет жууға тапсыруға;

7) бөтеннің мүлкін ұрламауға және ұрлауға жол бермеуге, бөтеннің мүлкін тапқан кезде, оларды дереу жатақхана меңгерушісіне беруге;

8) жатақхана меңгерушісін тұрғын үй-жайлардағы температуралық жүйенің тиісті еместігі туралы, жарамсыз құрал-жабдықтарды ауыстыру туралы хабардар етуге;

9) жатақхана меңгерушісіне, тәрбиешіге және тәрбиешінің көмекшісіне осы Ережені сақтау, мүліктің сақталуын тексеру, профилактикалық және басқа да жұмыс түрлерін жүргізу мақсатында тұрғын бөлмесін қарау мүмкіндігін қамтамасыз етуге;

10) жеке заттарын арнайы бөлінген орында жууға, кептіруге, үтіктеуге;

11) заңнамаға сәйкес жатақхана мүлкіне келтірілген залалды өтеуге.

 

  1. Жатақханада тұратын оқушыларға тыйым салынады:

1) өз еркімен жатақханаға бөгде адамдарды әкелуге, оларды түнде қондыруға;

2) басқа адамдарға, оның ішінде жатақхананың басқа бөлмелерінде тұратындарға бөлме беруге;

3) жатақханадан өз еркімен кетуге;

4) бір бөлмеден екіншісіне өз бетімен көшуге;

5) мүлікті бір бөлмеден екіншісіне ауыстыруға;

6) қарама-қарсы жыныстағы оқушылардың тұрғын бөлмелеріне баруға;

7) жергілікті уақыт бойынша сағат 21.30-дан кейін ұялы телефондарды, басқа гаджеттерді және оларды зарядтау құрылғыларын пайдалануға;

8) бөлмелерде басқа тұрушыларға бөлінген үй-жайды пайдалануға кедергі келтіретін үлкен заттарды сақтауға;

9) қабырғаларға, төбеге, терезелерге, есіктерге, еденге, жиһазға (шкафтар, кереуеттер, тумбочкалар, үстелдер, орындықтар, сөрелер), сондай-ақ осы мақсатқа арнайы бөлінбеген орындарға хабарландырулар, кестелер, маңдайшалар, плакаттар, постерлер, түрлі мазмұндағы суреттер жапсыруға;

10) бөлмелерде электрмен жылыту аспаптарын, жеке үтіктерді пайдалануға;

11) тамақ дайындауға, бөлмелерде тыйым салынған тамақ өнімдерін пайдалануға және сақтауға;

12) ашық от көздерін пайдалануға;

13) электр сымдары мен электр желілерін жөндеуге және қайта жасауға, ақаулы электр аспаптарын пайдалануға;

14) тұратын үй-жайының кіреберіс есігіне қосымша құлыптар орнатуға, құлыптарды қайта жасауға немесе жатақхана меңгерушісінің рұқсатынсыз оларды ауыстыруға;

15) бұл мақсатқа арналмаған орындарға қоқыс тастауға;

16) жатақханада жануарларды ұстауға;

17) азаматтардың қадір-қасиетін қорлауға, былапыт сөздер айтуға, құмар ойындар ойнауға, психикаға белсенді әсер ететін заттарды, оның ішінде спирттік, энергетикалық сусындарды, есірткі және токсиндік заттарды, темекі бұйымдарын, электрондық сигареттерді әкелуге, сақтауға және пайдалануға, дәрілік препараттарды, жарылғыш заттарды, қаруды әкелуге және сақтауға, сондай-ақ дәрілік препараттарды, биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) дәрігерлердің тағайындауынсыз қабылдауға;

18) жатақхана бөлмесі мен аумағын ластауға;

19) бөлмеде жоғары шу мен діріл тудыратын жұмыстарды орындауға немесе теледидарларды, радиоқабылдағыштарды, магнитофондарды, қатты қуатқа қосылған басқа да дауыс зорайтқыш құрылғыларды пайдалануға және оқушылардың басқа бөлмелерде тұру жағдайына кедергі келтіретін басқа да әрекеттерді жасауға;

20) терезеден шығып, терезе алдында отыруға;

21) этика нормаларына сәйкес келмейтін ашық, декольтацияланған және қысқа киім киіп жүруге.

  1. Осы Ережені бұзғаны үшін тартылатын жауапкершілік

 

  1. Осы Ереже мен Ішкі тәртіп ережелерін оқушы бұзған жағдайда, міндетті түрде олардың заңды өкілдеріне хабарланады және оларға тәртіптік ықпал етудің мынадай шаралары қолданылуы мүмкін:

1) бір оқу жылы ішінде бірінші тәртіпбұзушылық үшін ескерту берілу;

2) бір оқу жылы ішінде екінші тәртіпбұзушылық үшін сөгіс беру;

3) бір оқу жылы ішінде үшінші тәртіпбұзушылық үшін жатақханадан шығару, кей жағдайда оқудан шығару;

4) қолданыстағы заңнамаға сәйкес келтірілген залалды өтеу міндетін жүктеу.

Тәртіптік ықпал ету шараларын анықтау кезінде Зияткерлік мектеп әкімшілігі тәртіпбұзушылықтың сипаты мен ауырлығын, оның жасалу жағдайын, оқушының алдыңғы және кейінгі мінез-құлқын ескеруі тиіс. Оқушыға Зияткерлік мектеп директорының бұйрығы арқылы тәртіптік ықпал ету шарасы қолданылады.

  1. Осы Ереже мен Ішкі тәртіп ережелерін бұзған оқушылар Зияткерлік мектеп директорының атына жазбаша түсініктеме береді.
  2. Жатақханада тұру тәртібі мен күн тәртібін бұзған оқушының деректері осы Ереженің 9-қосымшасына сәйкес Ішкі тәртіп ережелері мен осы Ережені бұзуды тіркеу журналына енгізіледі.
  3. Оқушылардың осы Ереже нормаларын және Ішкі тәртіп ережелерін бұзғаны туралы ақпарат Зияткерлік мектеп әкімшілігіне және заңды өкілдеріне хабарланады.
  4. Осы Ереженің және Ішкі тәртіп ережелерінің нормаларын бірнеше рет бұзған жағдайда (оқу жылы ішінде кемінде 3 рет) Зияткерлік мектеп әкімшілігі осы Ережеге сәйкес оқушыларды қайта орналастыру құқығынсыз жатақханадан шығаруға құқылы.

 

  1. Жатақхана қызметін ұйымдастыру және басқару

 

  1. Күн тәртібі оқушылардың жатақханада тәулік бойы болатынын ескере отырып жасалады және оны Зияткерлік мектеп директоры бекітеді.

58 Оқушылардың тәрбие жұмысы мен бос уақытын ұйымдастыру үшін, жатақханада үйірмелер, секциялар, тәрбиелік және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады. Осы мақсатта Зияткерлік мектептің оқу бөлмелері (акт және спорт залдары, мектеп кітапханасының оқу залы, мектеп ауласындағы спорт алаңдары және т.б.) пайдаланылуы мүмкін.

  1. Жатақханада оқушыларға оқу және дамыту үшін, түрлі конкурстарға, олимпиадаларға, жобаларға, спартакиадаларға, көрмелерге және басқа да іс-шараларға дайындалу үшін жағдай жасалады.
  2. Оқушылардың тәрбиелік, еңбек, спорттық, мәдени-бұқаралық жұмыстарға қатысуы еріктілік, бастамашылық және дербестік принциптеріне негізделеді.
  3. Оқушыларды тәрбиелеу, өмір сүру, тамақтандыруды ұйымдастыру, гигиеналық тәрбие (жеке гигиена), медициналық қызмет көрсету жағдайларына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар Санитарлық ережелерге сәйкес қамтамасыз етіледі.
  4. Жатақхананың барлық бөлмелері жыл бойы жұмыс істеуге дайын болуы тиіс. Жатақхананың барлық бөлмелерінде санитарлық-гигиеналық және өртке қарсы талаптар орындалуы тиіс.
  5. Жатақхананың жалпы жұмыс істеуіне басшылық Зияткерлік мектептің директоры мен оның орынбасарларына лауазымдық міндеттеріне сәйкес жүктеледі.

Жатақхана меңгерушісін, басқа персоналды қызметкерді штаттық кестеге сәйкес тағайындауды және жұмыстан босатуды Зияткерлік мектептің директоры жүргізеді.

  1. Жатақханаға тікелей басшылықты жатақхана меңгерушісі жүзеге асырады.
  2. Жатақхана қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттері еңбек шартымен, лауазымдық нұсқаулықпен, осы Ережемен және ДББҰ мен Зияткерлік мектептің басқа да нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.
  3. Жатақхананы қаржыландыру Зияткерлік мектептің бюджетінде көзделген қаражат есебінен жүзеге асырылады.
  4. Зияткерлік мектеп әкімшілігі тәрбиешіге немесе жатақхана меңгерушісіне сақтауға берілмеген оқушылардың құжаттарының, материалдық заттары мен ақшалай қаражатының сақталуына жауапты болмайды.
  5. Оқушылардың өмірі мен денсаулығына қауіпті жұмыстарды орындауға оқушыларға рұқсат етілмейді.
  6. Жатақхана ғимаратында қызмет көрсететін қызметкерлер мен басқа да тұлғалардың тұруына жол берілмейді, алайда ДББҰ-ның іс-шараларына қатысушы болып табылатын Назарбаев Зияткерлік мектептерінің және басқа да білім беру ұйымдарының оқушылары, ДББҰ-ның және оның филиалдарының, еншілес ұйымдарының және басқа да білім беру ұйымдарының қызметкерлері, оқушыларды алып жүретін, сондай-ақ ДББҰ-ның іс-шараларына дербес қатысатын қызметкерлері жатақханада уақытша тұра алады.

Аталған тұлғаларға жатақхана орындары Зияткерлік мектеп директорының тапсырмасы бойынша бос орын болған жағдайда беріледі.

Жатақханада тұрған кезде осы тұлғалар осы Ереженің 4 және 5-тарауларында көзделген тұру тәртібін, құқықтары мен міндеттерін сақтауға міндетті. Аталған талаптар сақталмаған жағдайда, тұлғалар Зияткерлік мектеп директорының нұсқауы бойынша жатақханадан шығарылады.

  1. Жатақхананы оның функционалдық қызметіне жатпайтын мақсатта пайдалануға жол берілмейді.

 

 

 

 

  1. Өзін-өзі басқару органы

 

  1. Жатақханадағы мәдени-тұрмыстық жағдайлардың сақталуын және жақсаруын бақылау үшін, оқушыларды жатақхананы басқаруға тарту үшін, тәрбие, мәдени-бұқаралық және дене шынықтыру-сауықтыру жұмыстарына қатысты іс-шараларды жүзеге асыру үшін, жатақханада тұратын оқушылар арасынан жатақхана Кеңесі құрылады.
  2. Жатақхана кеңесі қоғамдық өзін-өзі басқару органы болып табылады және оқушылардың жалпы жиналысында сайланады. Кеңестің мәртебесі мен өкілеттілігі Зияткерлік мектеп директоры бекітетін жатақхана Кеңесі туралы Ережемен анықталады.

 

Өтініш үлгілері