жаңалықтар

«30 қайырымды  іс» акциясы аяқталды

Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 11 А сыныбының ата-аналары мен педагог-ұйымдастырушы-кураторы Сандуғаш Пшенбаева ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай “30 қайырымды іс” науқаны аясында елорда іргесіндегі Қобыланды батыр ауылының орта мектебіне қолдау көрсетті. ⠀

Ата-аналар ауыл мектебінің кітапханасына қазақ әдебиетінің алтын жауһары қорынан елу кітапты сыйға тартты.⠀

– Елордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде бастау алған осынау науқанға үлес қосқанымызға қуаныштымын. Кітап – білім көзі, рухани қазына, баға жетпес байлық. Балалардың зейіндері ашылып, кітап оқуға деген ынталары арта түседі деген сенімдеміз, – деп бөлісті ата-ана Гүлжан Пернебекова.⠀

Бүгінде Қабанбай батыр ауылындағы орта мектепте 1300-ге жуық оқушы білім алуда. Қала маңындағы шағын ауылда 21 ұлттың өкілі тату-тәтті ғұмыр кешуде. Ата-аналардың мереке қарсаңындағы сыйлықтары көпұлтты ауыл балаларына таптырмас дүние болды.⠀

– Мектебімізде оқу бағдарламаларына сәйкас оқулықтар толықтай бар. Ал көркем әдеби кітаптар аздық ететіні рас. Жетіспейтін кітаптарды балалар ауылдағы өзге кітапханадан алып оқып жүр. Ендігі кезекте бұл мәселе шешілді деуге болады. Назарбаев Зияткерлік мектебінің ата-аналарына алғысымыз шексіз, – дейді мектеп кітапханашылары Ирина Миронова мен Раиса Усова.⠀

Қабанбай батыр ауылындағы орта мектеп директоры Ботагоз Сулейменова ата-аналарға өз алғысын білдіріп, оқушыларға сәттілік тіледі. ⠀
Сонымен қатар, NIS халықаралық бакалавриат мектебінің гуманитарлық ғылымдар кафедрасының ұстаздар қауымы астаналық 2 тұрмысы төмен көпбалалы отбасыны мерекемен құттықтады. Ұстаздар отбасыларға қажетті азық-түлік және киім-кешек бұйымдарын жеткізді.

Қайырымдылық марафонының нүктесін кураторлар кафедрасы қойды. Мектебіміздің педагог-ұйымдастырушылары тұрмысы төмен көпбалалы отбасыға азық-түлік себетін әкеліп, отбасы мүшелерінің разылығын алды.

Барша ұстаздарды, оқушыларды, ата-аналарды “30 қайырымды іс” жобасына қосқан үлестері үшін мақтан етеміз!