Жаңалықтар
Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімдері Прагада өтетін «European Science on Stage» фестиваліне жолдама алды
Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің физика пәні мұғалімдері Арман Иманшарипова және Юлия Гасанова «Science on Stage Qazaqstan» республикалық байқауында үздік атанды. Жеңімпаздардың әзірлеген «Ғылым музыкасы» жобасы 2022 жылы Прагада өтетін «European Science on Stage» фестиваліне қатысуға жолдама алды.
«Ғылым музыкасы» жобасы бірнеше мектеп пәндерін біріктіретін, оқушыларды инженерлік құрылғыларды, өнер туындыларын және басқа өнертабыстарды жасауға тарту арқылы оқушылардың математикалық және ғылыми сауаттылығын, сыни және шығармашылық ойлауын, дизайн және инженерлік дағдыларын дамытатын «STEAM» бағыты бойынша әзірленді. Ол оқушылардың дыбыстық толқындар туралы алған білімдері негізінде музыкалық аспаптар жасау идеясынан тұрады. Жоба аясында қатысушы командалар тек ғылыми-техникалық білімін пайдаланып қана қоймай, қағаз, шыны, пластик сынды қалдық түрлерін пайдалану арқылы экологиялық жоба жасады. Аталмыш жоба арқылы Арман Иманшарипова мен Юлия Гасанова мектеп ұстанымына сәйкес оқушыларға үйлесімді дамуға мүмкіндік беретін оқу мен оқытуды қамтамасыз ете білді.
«Science on Stage» – бұл мұғалімдер өздерінің үздік тәжірибелерін көрсетіп, STEM пәндерін оқыту үшін инновациялық әдістермен алмасатын халықаралық фестиваль және нетворкинг алаңы.