жаңалықтар

«Keipker»: Қасым Габдушев

«Keipker» айдарының шықпағанына біраз болып қалды. Ендеше, бүгінгі қонағымыз – 2020-2021 оқу жылының қорытындысы бойынша «Іntel.kz» номинациясының иегері, интеллектті өмірге деген құштарлық пен дамыған қиялмен байланысты деп танитын 12 сынып оқушысы Қасым Габдушев.

Сізге берілген ең құнды кеңес?

– Менің ойымша маған берілген ең құнды кеңес – бұл мектеп кезінен бастап өзіңді әр түрлі салаларда сынап, өзіңнің ең сүйікті ісіңді табу. Осы кезден өміріңді тығыс байланыстыруға дайын болатын саланы таба алсаң, бұл шын мәнінде сені бақытты ете алатын жол болмақ. Сонымен қатар, мамандығың хоббиыңа айналған кезде, көп еңбек етуге дайын болып, үлкен жетістіктерге жету барысында ляззат ала аласың.

Сіздің ойыңызша, NIS оқушысы қандай қасиеттерге ие болуы керек? (Ең негізгі үш қасиет)

– Менің ойымша, NIS оқушысының ең негізгі қасиеті – бұл толеранттылық, яғни кез-келген ойларға ашық болу және басқаларға түсіністікпен қарау. Өйткені, меніңше, тек қана жаңа идеяларға ашық әлем азаматтары қоғамға жағымды өзгерістер әкеле алады. Екіншіден, біздің мектебіміздің оқушысының бойындағы маңызды қасиет – бұл әрқашан білім алуға ұмтылу. Үздіксіз даму – ең биік шыңдарды бағындыруға көмектеседі. Қажетті қасиеттердің үшіншісі – бұл дисциплина. Біздің мектепте үздік оқып, мақсаттарға жету барысында мотивация әрқашан жетпеуі мүмкін, сондықтан тек тәртіп қана әрі қарай дамуға көмектеседі.

Қандай кітап оқуға кеңес бересіз?

– Менің оқуға кеңес беретін кітабым – бұл Юваль Ной Хараридың “Sapiens: Краткая история человечества” атты кітабы. Бұл кітап өмірді және әлемді түсінуге көмектеседі, эволюция адамдарды бақытты ете алды ма деген сұрақтарға жауап беруге тырысады. Автор көптеген заманауи дәстүрлер мен үдерістердің абсурдтығын ашып, көптеген заманауи заттардың себеп-салдарлық байланысын көрсетеді.