Жаңалықтар

Оқу үрдісіндегі сандық ғылымды дамыту шаралары жалғасын табуда

«Әлем мұғалімі» Жаһандық сыйлығының Амбассадоры Динара Бейсембаева бастаған оқу үрдісіндегі сандық ғылымды дамыту шаралары өз жалғасын табуда.

Ағымдағы жылдың 26 наурыз күні Ахмет ауылындағы С.Сейфуллин атындағы мектептің жаратылыстану пәні мұғалімдеріне арналған онлайн вебинар өтті. «Үйдегі сандық ғылым» бағдарламасы бойынша әдістемелік материалдар. Мектептегі жобалық қызметті ұйымдастыру» тақырыбында өткен вебинарда Нұр-Сұлтан қаласындағы NIS-тің химия пәні мұғалімдері Бейсембаева Динара Тоқтарқановна мен Абишева Гульмира Ерболатовна және биология пәні мұғалімі Құдайберген Ринат Серикович сөз сөйледі. Бір жарым сағатқа созылған кездесуде «Үйдегі сандық ғылым» элективті курсына арналған бағдарлама, әдістемелік құрал, жұмыс кітабы және видео ресурстар туралы айтылып, ғылыми жобаларды ұйымдастыру тақырыбы, жобалардың құрылымына, рәсімделуіне қойылатын талаптар талқыға салынды. Сабақ барысында және сабақтан тыс уақытта оқушылардың зерттеу қызметін ұйымдастыру тұрғысынан NIS мұғалімдері С.Сейфуллин атындағы мектеп мұғалімдеріне әрі қарай әдістемелік қолдау көрсетуді ұсынды.
 
25-27 наурызда «Worlddidac Kazakhstan 2021» білім беру және кәсіби оқытуға арналған жабдықтар мен технологиялардың халықаралық көрмесі өтті. «Оқу үрдісіндегі сандық ғылым: ауыл мектептері үшін мүмкіндіктер» тақырыбындағы вебинарда Динара Бейсембаева спикер ретінде сөз сөйледі.
 
Іскерлік бағдарлама аясында педагогтар мен мамандар үшін презентациялар, оқыту вебинарлары, мастер-кластар өткізілді. Көрменің тақырыптық бөлімдері:
• Оқу басылымдары мен оқу құралдары;
• Оқу жиһазы мен керек-жарақтары;
• Пәндік бөлмелерге арналған жабдықтар;
• Демонстрациялық және интерактивті технологиялар;
•Ақпараттық және сандық технологиялар, бағдарламалық қамтамасыздандыру;
• Робототехника, білім беру ойындары және 3D;
• Компьютерлік техника және кеңсе техникасы;
• Мамандандырылған оқыту құралдары.
 
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, «Worlddidac» білім беру қызметтері жабдықтарын өндірушілердің халықаралық қауымдастығы, Қазақстан Республикасы білім беру жабдықтарын өндірушілер мен жеткізушілер қауымдастығы, «Астана-Экспо KS» көрме компаниясы ұйымдастырған көрме биыл алдғаш рет онлайн форматта өткізіліп, кәсіпқойлар арасында іскери қарым-қатынас жасаудың ерекше мүмкіндіктерін ұсынды. Қазақстандағы «Worlddidac» көрмесі көптеген жылдар бойы өндірістегі негізгі іс-шара болып табылады және мұғалімдер мен білім беру мамандарын жаңа оқу жабдықтары мен білім беру технологияларымен таныстыруды өзінің міндеті етіп қойды.