Жалпы орта білім беретін мектеп мұғалімдеріне арналған семинар
2021 жылдың 30 қаңтарында Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі жалпы білім беретін мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті пәні, орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне арналған семинар өткізді.
«Әртүрлі мәтіндер арқылы функционалдық сауаттылықты дамыту – оқушылардың шығармашылық дағдысын қалыптастырудың негізі» тақырыбында ұйымдастырылған семинарға жалпы саны 177 мұғалім қатысты. Кездесу барысында функционалдық сауаттылықтың анықтамасы, міндеттері талқыланып, әртүрлі мәтіндермен жұмыс жасалды. НЗМ мұғалімі, оқу жаттықтырушысы Айгүл Қасенова әдебиет шығармаларынан үзінді беріп, мәтіндегі қозғалған мәселелер, автордың мәселелерге деген көзқарасы, кейіпкерлердің бейнесі, оқушылардың сыни ойлауға және өздігінен ізденуіне ықпал ететін тапсырмаларды қатысушылармен бірге талқылады.
Кездесу соңында жалпы білім беретін мектеп мұғалімдері көркем мәтіндермен жұмыста, тапсырмаларды құрастыруда қиындықтар кездесетінін айтты. Сондай-ақ, елордалық НЗМ өткізген семинардың аталған мәселені шешуде көмегі тиетіні, түрлі әдіс-тәсілдер мен пайдалы ақпараттар берілгені туралы рефлексия қалдырды. Мектеп мұғалімдері алдағы уақытта осы сынды тақырыптағы вебинарлардың өтіп тұратынына сенім білдірді.