Қашықтан өткен NIS 2021 желілік олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің есімдері анықталды
Қашықтан өткен NIS 2021 желілік олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің есімдері анықталды.
Олимпиада қорытындысы бойынша мектебіміздің үш оқушысы жүлделі орындарға ие болды:
І орын
Аружан Булекпаева (француз тілі)
ІІ орын
Адия Абдибекова (орыс тілі және әдебиет)
Диана Ажигалиева (неміс тілі)
Биыл білім додасында барлығы 700-ден аса зияткер бақтарын сынады, ал Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінен 25 оқушы қатысты. Олар химия, биология, география, информатика, қазақ тілі, Қазақстан тарихы және т.б. жалпы білім беретін пәндер бойынша сайысқа түсті.
NIS желілік олимпиадасының алғашқы күнінен-ақ NIS IB оқушылары сайысқа тыңғылықты дайындалып келгендерін және жеңіске дәмелі екендерін айтты.
География пәні бойынша мектеп намысын қорғаған 10-сынып оқушысы Давлетова Аида ерекше дерекпен бөлісті:
– Басқа пәндерге қарағанда мен географияны қызықты пән ретінде санаймын. Әлем елдерінің орналасуы, табиғаты, жер-суға қатысты тылсым оқиғалар туралы оқып-білген ұнайды. Бұл пәнге деген қызығушылығымды одан әрі арттырған бір дерек: Тайландтағы Меконг өзені. Қазан айының соңы мен қарашаның басы аралығында мыңдаған қызыл жарқыраған шарлар Меконг өзеніндегі судан тез шығып, қараңғы аспанға бірнеше секунд жарық береді де, ауада жоғалып кетеді. Оларды Нага отты шарлары деп атайды. Әлі күнге дейін ғалымдар бұл құбылыстың сырын таба алмай келеді.
Олимпиадаға дайындық барысында білімін шыңдай түскен Аида келесі жылғы Дипломдық бағдарламада география пәнін тереңдетіп оқығалы отыр.
Тыңғылықты дайындықпен келген зияткерлер олимпиаданы жаңа білім көзі, жаңа достар табудың мүмкіндігі деп санайды. Білім бәйгесіне бірнеше рет қатысып келе жатқан оқушылар алғаш келген қатысушыларға кеңестерін айтып, жігерлендіріп отырды. Олардың айтуынша, ең бастысы қобалжымау керек. Сонымен қатар, тапсырмаларды орындау барысында мұқият болуды, әр сұраққа зейін қойып жауап беруді жөн деп біледі.
10-сынып оқушысы Диана Ажигалиева былтыр Шымкент қаласында өткен олимпиадаға қатысып, неміс тілі бойынша екінші орынды иеленген болатын. 7-сыныптан кейін неміс тіліне қызығушылық танытқан Диана үшін олимпиада тәжірибе жинаудың бірден-бір үлесі болып табылады.
– Тілді үйренуде сөздер мен сөз тіркестерін жаттап, оларды күнделікті өмірде жиі қолданып тұру керек деп ойлаймын. Сол арқылы неміс тілінде берілген ауызша, жазбаша ақпаратты түсінуге болады. Сондықтан да, мен лексиканы білу – бұл тіл үйренудің негізгі кілті деген қағиданы ұстанамын, – дейді Диана.
Жүлделі орындарға ие болған оқушыларымызды жетістіктерімен құттықтаймыз!