Жаңалықтар

Жаратылыстану-география пәндері бойынша облыстық онлайн семинар

Еліміздегі пандемиялық жағдай мұғалімдердің өз тәжірибелерімен бөлісуіне кедергі емес. Оған дәлел, Нұр-Сұлтан қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұйымдастырумен өткен жаратылыстану-география пәндері бойынша облыстық онлайн форматтағы семинар.
Семинардың негізгі мақсаты жаратылыстану-география пәндері бойынша мұғалімдердің онлайн форматта сабақ беру әдісін бөлісу, әдістемелік көмек көрсету, шығармашылықтарын дамыту болды.
Семинарға Нұр-Сұлтан қаласының және Ақмола облысының Ерейментау, Егіндікөл, Целиноград, Аршалы, Шортанды, Қорғалжын, Біржан сал аудандарының жетекші және серіктес мектептерінің мұғалімдері қатысты.
Онлайн форматта оқыту мен оқудағы жаңа әдістерді қолдану арқылы оқушы мен оқушы, оқушы мен мұғалім арасында еркін қарым-қатынас қалай қалыптастыруға болатындығын, топтарды құру арқылы оқушылардың өзіндік жұмыстары мен шығармашылығын жетілдіру мүмкіндігін, ғылыми-жаратылыстану сауаттылығын дамыту тапсырмаларын әртүрлі бағдарламалар негізінде түрлендіре отырып, мұғалімдердің жұмысын жақсарту жолдарын физика (Тулеуова А.Б., Бижанова Д.А.), химия (Бейсембаева Д.Т., Уралбаева Қ.А., Каратаева Н.Ш.), биология (Дюсенгазина А.Т., Әміралиева Г.Б.) және география (Нургалиева Г.А.) пәндерінен мұғалімдер өте жоғары деңгейде таныстыра отырып, өз жұмыстарының нәтижелерімен бөлісті.
Семинар барысында «Әлем мұғалімі-2021» байқауына қатысушы IB НЗМ-нің химия пәнінің мұғалімі Динара Бейсембаева ауыл мектебін қолдау мақсатында «Қашықтан оқыту жағдайында онлайн-сабақтарда қандай әртүрлі интернет құралдарын қолдануға болады?» тақырыбында шеберлік-сағатын көрсетті.
Шеберлік-сағаты аясында Padlet.com, Jambord.com, Twiddla.com, Miro.com желілік тақталарымен жұмыс жасау, «5 Es» моделінің сабақ барысында Explore – өздігінен ақпаратпен жұмыстан бастап бағалауға дейінгі кезеңдерін қалай қолдануға болатындығын және chemix.org.com арқылы химия сабағында виртуалды зертхананы қалай тиімді пайдалану жолдарын егжей-тегжейіне дейін көрсетті.
Семинарға әр пән бойынша онлайн форматта 90-120 мұғалім аралығында қатысып, 60 минут көлемінде өткізілген семинарда өз сұрақтарына жауап алып және тәжірибелерімен бөлісті. Барлығы 250 мұғалім қатысты.
Мұғалімдердің семинар соңында кері байланыстары негізінен семинарда өткізген сабақтардан көптеген мəліметтерді, əдіс-тəсілдерді өздеріне алғанын, кейбір ұстаздардың Teams форматында 1-ші рет жұмыс жасап отырғанын, осындай семинарды тағы да тыңдап, тәжірибе жинақтағысы келетіні туралы пікірлер негізінде жазылған.
Семинарды ұйымдастырушыларға, мектеп әкімшілігіне үлкен алғыстарын білдіріп, мектеп ұжымының жұмыстарына жемісті еңбек тіледі.