Жаңалықтар

«ХХІ ғасырдағы мектеп директоры мен мұғалімінің жаңа құзыреттіліктері»

С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті ұйымдастыруымен өткен Қысқы мектеп конференциясында NIS мұғалімі Динара Бейсембаева спикерлер қатарында болды.
 
Қысқы мектеп С. Өтебаев атындағы Атырау Мұнай және газ университеті ректорының кеңесшісі Алмагүл Қанағатованың жетекшілігімен “West HUB” іс-шарасы аясында өткізіліп, Батыс өңірі педагогтерін оқыту, пікір-талас, дамыту алаңына айналды. Білім саласында қызмет етіп жүрген жетекші мамандар екі күндік конференцияда сөз қозғап, өз пікірлерімен бөлісті. С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің Басқарма төрайымы, ректоры Гүлзада Шакуликова ХХІ ғасырдағы мектеп басқару ұжымы мен мұғалімдердің құзыреттіліктеріне талдау жүргізді. «Болашақ мектебіндегі көшбасшылық» және «ХХІ ғасырдың жаңа құзыреттілігіне менің Start-ым» тақырыптары бойынша Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің химия пәні мұғалімі, «Global Teacher Prize» жаһандық сыйлығының амбассадоры Динара Бейсембаева өз өмірбаянынан сыр шертіп, амбассадор ретінде мұғалімнің статусы туралы ой қозғады. Жиынға қатысушы мектеп директорлары мен мұғалімдерге мектептегі дарынды балалармен жұмыстану, сынып пен мектептегі көшбасшылықты дамыту, оқушылардың жобалық жұмыстарын жетілдіру сияқты тақырыптарда 6 модульдік оқыту жүргізіліп, талдау жасалды.
 
Сондай-ақ конференцияда Алматы облысының «Алмалыбалық» мектеп директоры – Сәуле Махамбетова, «National Teacher Prize Kazakhstan» жобасының координаторы – Маржан Нұрханова, Алмалыбақ ауылының Орта мектеп-гимназиясының педагог-психологы – Балшекер Аймаш, Шымкент қаласының А.С. Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясының директоры – Гүлназ Әбілдаева, Шымкент қаласының №28 жалпы орта білім беретін мектеп директоры – Қарлығаш Құрманбекова және Шымкент қаласы З.Космодемьянская атындағы №23 мектеп-лицейінің директоры – Жанар Тойлыбаева мектепті басқарудың жаңа идеялары, ХХІ ғасыр мұғалімдері үшін оқыту әдістері мен технологияларын қайта жүктеу мәселелерін талқыға салды.