Жаңалықтар

Елордалық NIS оқушысы Ұлыбританиядағы Oxford Sixth Form колледжінің шәкіртақысын ұтып алды

📌Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10 G сынып оқушысы Шадияр Талас Oxford Sixth Form колледжінің экономика немесе инженерия бойынша екі жылдық A-levels бағдарламасын өту үшін оқушылар арасында өткізген олимпиадаға қатысып, колледжде оқуға 50%-дық шәкіртақыға ие болды.
📌5 кезеңнен тұратын олимпиада барысында Шадияр ағылшын, математика және экономика пәндері бойынша тестілеуден өтіп, эссе жазды. Соңғы кезеңінде колледж өкілімен сұхбат жүргізілді.
– Ұлыбританияның жоғары оқу орындарына грантқа түсу әр адамға бұйыра бермейді. Егер сол елде екі жылдық оқуымды аяқтасам, келешекте британдық университеттерде білім алуда жеңілдіктер қарастырылуы мүмкін. Болашақта бизнес және экономика немесе саясаттану бойынша білікті маман иесі болғым келеді. Жақсы мүмкіндік берілген кезде, сәттілікке сеніп қана қоймай, аянбай еңбек етіп, қабілетіңді шыңдап отыру қажет деп санаймын, – дейді Шадияр.
📌Oxford Sixth Form College – GCSE, A-Level, BTEC Bussiness, академиялық даярлау бағдарламасы, International Foundation Year (IFY) оқу бағдарламалары оқытылатын Ұлыбританиядағы жоғары сынып оқушыларына арналған жетекші тәуелсіз колледждердің бірі.
📌1988 жылы құрылған Oxford Sixth Form колледжі оқу бағдарламасын толықтыратын тікелей сапарлар және сабақтан тыс іс-шаралар бағдарламасын ұсынады.
📌2013 жылы Oxford Sixth Form колледжі қорытынды емтихандар бойынша Ұлыбританиядағы жекеменшік мектептер арасында 30-шы орынға ие болды – мұндай жас білім беру мекемесі үшін бұл керемет жетістік. Білім ордасы Британдық Кеңесте аккредиттелген, университетке тиімді дайындық үшін бірнеше рет мамандандырылған тәуелсіз ұйымдардан жоғары баға алды. Бүгінде түлектерінің жалпы саны 30 мыңнан асады, олар University College London, Cambridge, Edinburgh, Durham, Oxford, St Andrews және басқа да беделді университеттерде оқуларын жалғастырды.