Жаңалықтар

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы мен National Geographic Kazakhstan бірлескен «Photo camp» элективті курсы сәтті аяқталды

Алматы қаласы химия-биология бағытындағы NIS мектебінде бір апта бойы еліміздің түкпір-түкпірінен келген 70-ке жуық зияткер оқушы мен жетекшілері әйгілі журналдың фотографтарынан дәріс алып, біліктіліктерін арттырды.
Элективті курсқа Нұр-Сұлтан қаласындағы NIS-тен екі оқушы қатысты: Нұрай Сұлтан және Маргарита Юрьева.
– «Photo camp-қа» дейін мен фотоаппаратпен сурет түсірген емеспін, сондықтан бұл курста жаңа дағдыға ие болдым. Қысқа уақыт аралығында фото өнердің қыр-сырын үйрететін базалық курстан өткеніме қуаныштымын. Оған қоса, мен енді камерамен қысқа ұсталым арқылы сурет түсіре алатын болдым, – дейді Маргарита.
– Бұрын мен білмеген суретке түсірудегі әр түрлі тәсілдерді өз тәжірибемде сөзсіз қолданатын боламын. Бұл апта мен үшін жарқын оқиғаларға толы болды. Өзге қалалардан жаңа достар тауып, бойымдағы көшбасшылық, шығармашылық сынды қабілеттерді дамыта алдым, – дейді Нұрай.
Курс бағдарламасы фотоаппараттың құрылысы, жарық пен түстің дұрыс қойылуы, суреттің жанры мен негізгі композициялары сынды фотоөнермен байланысты тақырыптарды қамтыды. Қатысушылар мол әрі халықаралық тәжірибе иелерінен фото өнердің қыр-сырын егжей-тегжейлі меңгерді.
Бағдарлама аясында оқушылар NG журналының фототілшісі Герд Людвигтің «сторителлинг» жанры бойынша түсірген жұмыстарын талдап, теориялық білімді Алматыдағы Тұңғыш Президент саябағында, мектеп аймағында практикалық жұмыстарда жетілдіре түсті. Келесі сабақтар кезінде оқушылардың туындыларын бағалау жұмыстары жүргізілді.
National Geographic Қазақстан өкілі Қанат Абашов журнал мен оның жұмысы туралы жалпы ақпарат беріп, балалардың алдағы уақытта зерттеушілік дағдыларын арттыруына өз септігін тигізетініне, өзге оқушылармен бөлісетініне сенім білдірді.