Жаңалықтар

NIS ІВ директорының орынбасары CIS аккредиттеу саласындағы тәуелсіз сарапшысы атанды

Бүгінгі таңда Зияткерлік мектептердің 20 өкілі аккредиттеу саласындағы тәуелсіз сарапшыларды дайындау бойынша Халықаралық Мектептер кеңесінде (CIS) оқытудан өтті. Сарапшылардың қатарында Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектеп директорының даму жөніндегі орынбасары Гүлнара Салменова да бар.

Жыл сайын Халықаралық Мектептер Кеңесі аккредиттеу саласындағы тәуелсіз сарапшыларды даярлау бойынша оқыту жүргізеді. Оқытуға тек CIS мүшелері болып табылатын мектеп қызметкерлері қатыса алады. 2015 жылдан бастап CIS-пен ынтымақтастық шеңберінде әлеуетті арттыру, халықаралық білім беру саласындағы білімді тереңдету, халықаралық тәжірибені зерделеу үшін ДББҰ мен Зияткерлік мектептердің 20 қызметкері аккредиттеуден өтіп, сарапшы ретінде даярланды. Оқытылған қызметкерлер қатарынан 12 адам CIS-тің Қазақстандағы және шетелдегі топтық сапарларына белсенді қатысады.⠀
 
Тренингке мәтіндік және бейнесабақтары бар модульдер, интерактивті форумдар, онлайн кездесулер және тренердің бақылауы мен бағалауындағы тапсырмалар енді. Оқу материалдары қатысушылардан өз мектептерінде жинақтаған білім мен тәжіриеблерін дереу қолдануды талап ететін нақты сценарийлерді қамтыды. Оқу аяқталғаннан кейін барлық қатысушылар қорытынды тапсырмаларды орындады, олардың нәтижелері бойынша CIS оқытылған қатысушыларды аккредиттеу саласындағы тәуелсіз сарапшылар ретінде бекіту және оларға сертификаттар беру туралы шешім қабылдады.
 
Әрбір сарапшы бұдан әрі дайындық бағалауын (Preparatory Evaluation) және командалық бағалауды (Team Evaluation) жүргізу үшін CIS-ке тәуелсіз сарапшы ретінде тартылатын болады. CIS сапарларына қатысу сарапшылар командасының басқа мүшелерімен, сондай-ақ бағаланатын мектеп өкілдерімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді, бұл NIS қызметкерлеріне халықаралық тәжірибені ескере отырып инновациялар енгізуге, өз мектептерін аккредиттеуден сәтті өтуге дайындауға, сондай-ақ оқу процесін жақсартуға мүмкіндік береді.