Жаңалықтар
Нұр-Сұлтандағы NIS түлегіне АҚШ, Гонконг және Жапон елдерінің университеттерінен шақырту келді.
Еліміздің бас қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Нұр Амитовке АҚШ-тың Ohio State University, New Jersey Institute of Technology, Гонконгтың Hong Kong Polytechnic University және Жапонияның Kyoto University of Advanced Sciences университеттерінен шақырту келді.
NIS түлегі Нұр жоғары оқу орындарын таңдаған кезде білім беру сапасына, кампустың әлеуметтік өміріне және рейтингісіне баса назар аударған. Әрі Нұр болашақта өзін инженер механик, бағдарлама жасау маманы ретінде көреді. Болашақ инженердің таңдауы Жапониядағы Kyoto University of Advanced Sciences (KUAS) университетіне түсті. Бұл шын мәнінде бірегей инженерлік факультетке негізделген жеке университет. KUAS болашақты қалыптастыратын мәселелерді анықтап, шешім ұсынуға қабілетті прогрессивті адами ресурстарды дамытуға; заманауи қоғам алдында тұрған алуан түрлі мәселелерді шешуге жол ашатын озық зерттеулер жүргізуге ұмтылады. Сондықтан да зияткер дәл осы университетте оқуға шешім қабылдады.
Жақсы оқумен қатар Нұр мектептің қоғамдық өміріне де белсенді қатысты: еріктілікпен айналысты, мектепшілік концерттер мен іс-шараларда өнер көрсетті және сайтты бағдарламалау қабілеті бойынша көзге түсе білді. Сондай-ақ, ол баскетболдан турнирлерге қатысып, жарыстарда жүлделі орындарға ие болды.