Жаңалықтар

Жазғы мектеп – 2021

Нұр-Сұлтандағы NIS жазғы мектеп сабақтары өз мәресіне жетті. Бір аптаға созылған жазғы мектепке 7-9 сыныптардан 400-ден аса оқушы қатысты.
 
Жазғы мектеп – бұл жазғы демалыс пен белгілі бір пән саласындағы белсенді сабақтарды біріктіретін жазғы мектеп лагерінің бір түрі. Жазғы мектептің мақсаты жобалау, шығармашылық және ойын қызметі арқылы тілдік және академиялық дағдыларды дамыту, қашықтан оқытуға байланысты оқушылардың білімдеріндегі олқылықтарды жою болып табылады.
 
Мұғалімдер өз пәні өтетін күнге қызықты атаулар қойып, оқушылардың пәнге деген қызығушылықтарын арттыра білді. Оқушылар ағылшын тілінде кино әлеміне шолу жасаса, әлеуметтік ғылымдармен бірге дүние жүзі елдеріне сапар шегіп қайтты. Математика пәні бойынша «Таңғажайып сандар әлемі», «Статистика. Адал өтірік көркем өнері», «Қызықты математика» сынды тақырыптарда есептер шығарылып, пайдалы ақпарат берілді. Оған қоса, оқушылар өздері таңдаған қазақ тілі, ғылымдар және экономика пәндері бойынша білімдерін арттырып, түрлі тәжірибелер жасады.
 
Мектебіміздің 7-сынып оқушысы Алуа Шаришева жазғы мектеп сабақтары туралы ойымен бөлісті:
– Әр күн сайын тек бір пән және осы пәннен бірнеше қызықты тақырыптар мен тапсырмалар, ойындар мен топтық жұмыстар болды. 7-сыныптар болып бірнеше топтарға бөлінген кезде жаңа балалармен танысу және олармен бірге жұмыстану қызықты өтті деп санаймын. Маған, әсіресе, ғылымдар пәні ұнады. Жер және Марс ғаламшарлары туралы түсінігімізді кеңейтіп, алған білімді ойындар арқылы қорытындыладық. Жалпы, бұндай сабақтардың берер пайдасы мол. Осындай сабақтар енді мектепте өткізілсе, тамаша болар еді, – дейді Алуа.