Жаңалықтар

Нұр-Сұлтан қаласындағы NIS Еуропалық Әзірбайжан мектебімен ғылыми-практикалық конференция өткізді

2021 жылдың 13 мамырында Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі Еуропалық Әзірбайжан мектебімен «ХХІ ғасырдың білімі. Халықаралық Бакалавриат контекстіндегі педагогикалық идеялар» тақырыбында мектепішілік ғылыми-практикалық конференция өткізді. Жиынға Нұр-Сұлтан қаласының 66, 73, 81 және 85-мектептері қосылды.

Конференцияны өткізудегі басты мақсат – тәжірибемен алмасу, мектептің жүргізген зерттеулерімен таныстыру және оқу мен оқытудағы мектептің үздік тәжірибесін трансляциялау.
 
Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Сабыржан Садуакасов оқушыны жеке тұлға ретінде қалыптастыруда оның ерекшеліктері, психологиялық, физиологиялық қажеттіліктері мен мүдделеріне толық зерттеу жасау керектігін атап өтті. Мектеп басшысының айтуынша, мұғалім мен оқушы арасында жағымды қарым-қатынас орнату және осы негізде оқушыны бағыттау – бүгінгі күннің ең басты талабы.
 
Педагогикалық көшбасшылық – мұғалімнің, оқушылардың және оқу процесіне қатысушылардың көшбасшылығы. Бұл жөнінде конференцияның пленарлық мәжілісінде тәжірибелі көшбасшы, Еуропалық Әзірбайжан мектебінің директоры Франческо Банкини тоқталып, сөз сөйледі.
– Халықаралық Бакалавриат пен Халықаралық Мектептер Кеңесі (CIS) – біздің күшті және әлсіз жақтарымызды, дамудың қай кезеңінде екеніміз бен не істеу керектігін түсінуге көмектесетін сыртқы ұйымдар. Оқушылардың әл-ауқаты мен жан-жақты дамуы ХБ және CIS үшін өте маңызды. Оқушылармен қатар, мұғалімдердің де бойында зерттеу, жоспарлау, ойлау және іс-әрекет дағдыларын (ATL) дамыту керек. Кейбір оқушылар шығармашыл болудың мағынасын түсіндіре алмай жатады. Шығармашыл болу дегеніміз – оқушылардың дарындылығы мен ұшқыр қиялына қанат бітіру. Бұл, сонымен қатар, тәуекелден қорықпау дағдысы. Айналамыздағы орасан зор ақпарат ағынымен жұмыс істей білу деген сөз, – деді зерттеуші-педагог Франческо Банкини.
 
Кездесу барысында елордадағы Халықаралық Бакалавриат мектебінің сарапшы, модератор мұғалімдері «Оқу дағдыларын дамыту», «Халықаралық Бакалавриат контекстінде оқыту», «Оқу тәсілдері» және «Пәнаралық оқыту» бағыттары бойынша шеберлік сағаттарын өткізді.
 
«Оқу дағдыларын дамыту» бағытында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Гүлнапис Кушербаева, Аягөз Барлубаева «Негізгі мектеп бағдарламасы: сабақ үдерісінде ATL дағдысын қалай үйретуге болады?», орыс тілі мен әдебиеті пән мұғалімдері Динара Кожахметова, Самал Шаяхметова «Мәтінді сыни тұрғыдан талдау стратегиясын қолдану эссе жазу дағдыларын дамытуға қалай ықпал етеді?», қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Толқын Шомшекова «Халықаралық бакалавриат. Дипломдық бағдарлама. Әдебиет стандартты деңгей курсы бойынша сыртқы бағалау: салыстырмалы эссе жазуды үйретудiң тиiмдi жолдары» тақырыптарында баяндама жасады. «Халықаралық Бакалавриат контекстінде оқыту» бағытында ағылшын тілі пәні мұғалімі Гаухар Халық «Жоғары ойлау танымын жетілдіруге негізделген тиімді сұрақтар көмегі арқылы оқушылардың рефлективтік дағдыларын дамытудың маңызы», орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Мая Асанбаева, Клара Омарова «MYP студенттерінде халықаралық ой-өрісті қалай дамытуға болады?», қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Гүлмира Курмангалиева, Меруерт Зиятбек және Гүлден Сыздыкова «Жазылым дағдысын дамытудағы шығармашылық жұмыстардың қызметі» тақырыптары бойынша кәсіби шеберліктерімен бөлісті. «Оқу тәсілдері» бағытында тарих пәні мұғалімі Раушангүл Жолдыбаева «ТРИЗ педагогика – оқушылардың шығармашылық ойлау қабілеттерін қалыптастыру құралы ретінде», химия пәні мұғалімдері Алмагүл Серіккалиева, Бакытбек Дулатов, Несібелі Нуридин «Студенттерге деректерді өңдеу және бағалау дағдыларын дамытуға қандай стратегиялар мен әдістер тиімді көмектеседі?» және биология пәні мұғалімі Ляззат Акшалова «Биология сабағында оқыту мен оқу үдерісін саралаудың стратегиялары мен идеялары» тақырыптары бойынша шеберлік сабақтарын ұсынды. «Пәнаралық оқыту» бағыты бойынша ATL координатор Фируза Ильясова, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Меруерт Зиятбек, информатика пәні мұғалімі Алуа Алиева «Мектептің құндылықтарын және ХБ студенттерінің профилін іске асыру үшін ғаламдық контекстті қолдану арқылы негізгі орта мектеп бағдарламасында пәнаралық оқытуды апробациялау және ұйымдастыру», қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Алия Байжанова мен бейнелеу өнері пәні мұғалімі Алия Мажын «Пәнаралық оқыту оқушылардың зерттеушілік дағдыларын тиімді дамытуға қалай әсер етеді?», тарих пәні мұғалімдері Медет Байжаканов пен Владимир Рыбкин «1-компоненттен ішкі бағалауға дейін: «Тарих» пәннің Дипломдық бағдарлама бойынша зерттеу дағдыларын дамыту», әлеуметтік ғылымдар мұғалімдері Ақбота мен Меруерт Алиева «Мұғалімдер жинағы: саралауға бағытталған сыныптар» тақырыптары арқылы оқытудағы пәнаралық байланысты көрсете білді.
 
Zoom және Google Meet платформаларында өткен конференцияға Әзірбайжан мен Нұр-Сұлтан қаласының мектептерінен 170-тен аса мұғалім қатысты. Мазмұнды және жоғары дәрежеде ұйымдасқан кездесу барлық қатысушылардың көңілінен шығып, оң пікірлерге ие болды.