Жаңалықтар

“Keipker”: Эльдар Уркумбаев

Біздің жаңа «Keipker» айдарының алғашқы қонағы – «Жыл оқушысы – 2021» Эльдар Уркумбаев.
 
Сіз үшін мектептегі есте қаларлық күн?
 
– Бәрінен де есте қалған қандай да бір күнді таңдау мен үшін өте қиын. Себебі, маған мектепте болудың өзі ұнайтын. Ал, егер тек бір күнді таңдау керек десеңіз, онда, 2015 жылдың 1 қыркүйегі дер едім. 7-сынып оқушысы болып мектеп табалдырығын алғаш аттаған кез. Бұл күн – ешқашан ұмытылмайды.
 
Мектепте қандай үш дағдыға ие болдыңыз?
 
– Мен мектепте көп нәрсені үйрендім, ал соның ең негізгі үшеуі: уақытымды басқару, жобалармен жұмыс жасау және ағылшын тілін жетілдіру.
 
Мектепке, ұстаздарға, түлектерге айтар тілегіңіз?
 
– «Мектеп – кеме, білім – теңіз» деп Қасым Аманжолов айтпақшы, 2021 жылдың түлектері сол кемеден түсетін жолаушылармыз. Алты жыл бойы берік кемемен білім теңізінде сан түрлі аралдарға саяхат жасадық. Сапарымыз сәтті өтуі үшін ұстаздарымыз бар мүмкіндікті жасап, дұрыс бағыт-бағдар беріп отырды. Ақыл-кеңес айтып, қолдау білдірген барша ұстаздарымыз, кураторларымыздан бөлек, теңіз саяхатының жайлы өтуіне үлесін қосқан мектеп әкімшілігі, асхана, медицина, күзет және техникалық қызметкерлердің де барын ұмытпағанымыз абзал.
 
Барлық түлектерге тек сәттілік, ақ жол тілеймін. Алтын ұя мектебімнің бізге берген білімі, дағдысы, тәрбиесі үшін айтар алғысым шексіз. Мен қайда болсам да, мектеп ұранын әрдайым есімде ұстайтын боламын. Менің тарихым осы жерде басталды.