Жаңалықтар

Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімі республикалық «ҚР үздік педагогтарының ұлттық сыйлығы» байқауында жеңіске жетті

Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің орыс тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Сугурбаева Зауреш Зайнулловна республикалық «ҚР үздік педагогтарының ұлттық сыйлығы» байқауында жеңімпаз атанды.
 
«Ұстаз болу өз уақытыңды аямай, өзгенің бақытын аялау» демекші, уақытпен санаспай балалардың келешегі үшін аянбай жұмыс жасаған мұғалімнің бейнеті еш кетпейтіндігі анық. Зауреш Сугурбаеваның ұстаздық жолында жүргеніне 29 жыл толып отыр, оның соңғы 9 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы NIS мектебінде өтуде. Зияткерлік мектеп педагогы республикалық байқауға «Білім беру жүйесінде бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеудің маңыздылығы» тақырыбында эссе жазып, ұстаздық жолындағы жас ұрпақты тәрбиелеу мен тұлғаны қалыптастыруда атқарған еңбегі бойынша портфолио жинақтады. Нәтижесінде Зауреш Сугурбаеваның жұмыстары үздік бағаға ие болып, І дәрежелі дипломмен марапатталды.
 
Байқау «ҚР үздік педагогтарының ұлттық сыйлығы» жеңімпаздарын анықтау, үздік ұстаздардың бастамаларына қолдау көрсету, шығармашылық қабілеті мен инновациялық-педагогикалық идеяларын арттыру, педагог қызметкерлердің ғылыми, зерттеушілік әлеуетін дамыту мақсатында өткізілді.
 
Мектеп қауымдастығы атынан Зауреш Сугурбаеваны жеңісімен шын жүректен құттықтай отырып, шығармашылық шабыт пен толағай табыс тілейміз!