Жаңалықтар
Нұр-Сұлтандық оқушылар Халықаралық балалар шығармашылығының байқауында топ жарды
Елордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары «World without borders» Халықаралық балалар шығармашылығының байқауында топ жарып, жеңімпаз атанды.
10-сынып оқушысы Аяжан Темірболат және 11-сынып оқушысы Динара Данаеваның салған суреттері «Отанымның мәдениеті» бағыты бойынша жоғары бағаланып, қыздар дипломмен марапатталды. Оған қоса, оқушылардың туындылары байқаудың үздік суреттер жинағында жарияланды.
Сондай-ақ, 9-сынып оқушысы Дильназ Машраповаға шығармашылық байқауға қатысып, мәдени алуандылық жолында ұлттық құндылықтарды тарату және бүкіл әлем бойынша диалогты дамытуда белсенділік танытқаны үшін Сертификат табысталды.
Халықаралық байқау қалалық көркемсурет лицей – ЮНЕСКО Клубы ұйымдастыруымен және Қазақстандық ЮНЕСКО Клубтарының Федерациясы қолдауымен өткізілді. Байқауда 8-15 жас аралығындағы оқушылардың 300-ге жуық шығармашылық жұмыстары қабылданды. Қатысушылар Ресей Федерациясынан, Қазақстанның әр түрлі облыстарынан: Ақтөбе, Маңғыстау, Қарағанды, Атырау, Шығыс Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылорда, Павлодар, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан бақ сынады.