Жаңалықтар
Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы қос байқауда үздік нәтиже көрсетті
Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Ахмет Үзбен республикалық «Шежіре сыр шертеді» және ІІ халықаралық «Ұлт болмысы» атты шығармашылық байқауларына қатысып, үздік нәтиже көрсетті.
«Шежіре сыр шертеді» байқауы халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығының қолдауымен «Мың бала» зияткерлік білім сайтының ұйымдастыруымен өтті. Аталмыш байқауда Ахмет ұрпақ сабақтастығы жөнінде шығарма жазудан бағын сынап, І дәрежелі дипломмен марапатталды. Бағалау барысында қатысушының ойлау ерекшелігі мен орындау эстетикасына аса мән берілді. Шығармашылық сайыстың мақсаты – білім алушыларды шығармашылық әрекетке тарту, дарынды балаларды анықтау және қолдау, оларды танымдық қызығушылықтарға ынталандыру.
«ПЕДАГОГ» республикалық озат педагогтар порталының ұйымдастыруымен оқушылар арасында өткен ІІ халықаралық «Ұлт болмысы» атты шығармашылық байқауына Ахмет «Домбыра – халық мұрасы» номинациясы бойынша қатысып, топ жарды. Байқау шарты бойынша қатысушы домбыраның шығу тарихы, құрылысы, түрі туралы ізденіп, өз тілімен баяндап жазу керек. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90-жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық байқау қорытындысы бойынша Ахмет жүлделі І орынға ие болды.
Қос байқауға өз шәкіртін белсенді қатыстырып, білім саласының дамуына қосқан үлесі үшін Ахметтің жетекшісі Гүлнафис Кушербаева Алғыс хаттармен марапатталды.
Мектеп қауымдастығы атынан Ахмет Үзбенді жетістігімен шын жүректен құттықтаймыз. Жетекшісі Гүлнафис Кушербаеваға толағай табыстар мен дарынды шәкірттердің көп болуын тілейміз.