Жаңалықтар

Нұр-Сұлтандық мектеп оқушысын АҚШ-тың 6 университеті шақырады

Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Асем Бекболатқызына АҚШ-тың алты бірдей жоғары оқу орнынан шақырту келді. Асем таңдаған Minerva Schools at KGI, the University of Tampa, Miami University, the University of Kentucky, Loyola Marymount, Worcester Polytechnic Institute жоғары оқу орындарының ішінде Минерва университеті 85%-дық грант ұсынып отыр. Грант Асемнің оқу, жатын орын және тамақтану шығындарын өтейді.
 
Өткен жылы Асем Бекболатқызы АҚШ-тың Беркли университетінен инженерия саласында жазғы мектепте оқуға грант ұтып алды. Сондай-ақ, ол бірнеше жыл француз тілінен олимпиадалардың жеңімпазы атанып келеді. Математика мен физика пәндері бойынша білім сайыстарында да белсенді қатысты. Асем республикалық және халықаралық БҰҰ Моделі конференцияларында «Үздік делегат» атанған. Сонымен қатар, ол мектепте оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымының мәдениет саласының көшбасшысы болған. Дарынды жас бос уақытында француз, неміс, испан және қытай сынды шет тілдерін оқумен айналысады.
 
– Минерва университетін әлемдегі ең іріктемелі университеттердің бірі болғандықтан таңдадым. Себебі, ол барлық аппликанттардың тек 1%-ын ғана қабылдайды. Оған қоса, университет 4 жыл ішінде 7 түрлі мемлекеттерде оқуды ұсынады. Сан-Франциско қаласынан бастап, Тайпей, Сеул, Хайдарабад, Буэнос Айрес, Берлин мен Лондон қалаларында семестр оқуыма мүмкіндік бар. Минерва университетінің студенттері DISNEY, GOOGLE және SM танымал к-поп копманияларында тәжірибе алмасуда. Осындай мүмкіндіктерге қол жеткізуіме үлкен үлесін тигізген мектебім мен білім берген ұстаздарыма алғыс білдіргім келеді. Ал мектеп бітіруші сыныптастарыма сәттілік тілеймін, – дейді жас зияткер.