Жаңалықтар

NIS оқушысы Халықаралық математика олимпиадасының алтын медаліне ие болды

Амина Рахимбергенова – Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы. Ол Американың математикалық қауымдастығы ұйымдастыруымен өткен «American Math Competition – 2021» сайысына қатысып, нәтижесінде алтын медальды еншіледі.
 
Алғаш рет Амина «American Math Competition» олимпиадасына 2020 жылы қатысқан болатын. 10-сыныптар арасында өткен білім додасында оған белсенділік танытып, қатысқаны үшін сертификат табысталды. Аминаның айтуынша, ол олимпиадалық математикамен өте кеш айналыса бастады. Әдетте, оқушылар дайындықты 7-8 сыныптарда бастап кетеді.
 
– Олимпиадалық математикамен жақында ғана айналыса бастасам да, ол қысқа уақыттың ішінде менің ғылымға деген дүниетанымымды өзгертіп жіберді. Мен математикада ғана емес, күнделікті өмірде кездесетін мәселелерді де ерекше және ұтымды тәсілдермен шешуді үйрендім. Мұның бәрі «қораптан тыс ойлаудың» арқасы деп білемін, – дейді жас дарын.
 
Амина Мәскеу физика-техникалық институтінің «ФизТех», «Бірлік формуласы», Бүкілресейлік мектеп олимпиадасы, «BRICS Math» және «Кенгуру» сынды математика пәні бойынша халықаралық сайыстарда финалист атанып, жүлделі орындардан көрініп келеді.
 
«Америкалық Математика сайысы» – бұл орта және жоғары сынып оқушыларына арналған беделді халықаралық математикалық жарыс. Ол жыл сайын әлемнің 52 елінде өткізіледі. Аталмыш олимпиада дамыған аналитикалық ойлауды, зейінді және проблемаларды шешудің жоғары дағдыларын талап етеді.