Жаңалықтар

NIS Халықаралық Бакалавриат мектебінің 7-сынып оқушысы «Жыл оқушысы – 2021» атанды

Нұр-Сұлтандағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7-сынып оқушысы Алуа Шаришева «Балдәурен» Республикалық балалар мен жасөспірімдер сайтының ұйымдастыруымен өткен «Жыл оқушысы – 2021» шығармашылық байқауында үздік оқушы деп танылды.
 
2020 – 2021 оқу жылын қорытындылау мақсатында өткізілген шығармашылық байқауда еліміздің 1-11 сынып оқушылары қатысып, бақтарын сынады. Байқау шарты бойынша оқушы биылғы оқу жылында алған марапаттауларын, алғыс хаттарын, портфолиосын және т.б. жұмыстарын жібереді.
 
Алуаның айтуынша, зияткерлік мектептегі бірінші жылы болғандықтан, белсенділік танытып, өзін әр қырынан танытуға тырысқан. Алуа Шаришева жыл бойы мектепішілік, республикалық және халықаралық байқауларға, жарыстар мен олимпиадаларға қатысып, көптеген марапаттар мен жүлделі орындарға ие болды. Сондай-ақ, Алуа мектепшілік хордың, «Жас қаламгерлер» клубының мүшесі, «NISA PRESS» ұйымының журналисті болып табылады.
– Республикалық «Жыл оқушысы» байқауы туралы хабарландыруды көрген кезде, өзімді сынап көргім келді. Барлық жеткен жетістіктерімді, марапаттарымды жібердім. Байқаудың нәтижесі келіп, өзімнің үздік оқушы атанғанымды көрген сәтте, қуанышымда шек болмады, – дейді жас зияткер.
 
Шығармашылық сайыста даралығын көрсетіп, ерекше білімділігімен топ жарған Алуа Шаришеваны мектеп қауымдастығы атынан шын жүректен құттықтаймыз!