«Назарбаев Университетi», «Назарбаев Зияткерлiк мектептері» және «Назарбаев Қоры» мәртебесi туралы
Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 19 қаңтардағы № 394-IV Заңы
Осы Заң Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентiнiң – Елбасының бастамасы бойынша құрылатын «Назарбаев Университетiнiң» (бұдан әрi – Университет), «Назарбаев Зияткерлiк мектептерiнiң» (бұдан әрi – Зияткерлiк мектептер) және «Назарбаев Қорының» (бұдан әрi – Қор) құқықтық мәртебесiн және олардың құрылуы мен қызметiнiң айрықша құқықтық режимiн айқындайды. —-
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) дербес бiлiм беру ұйымы – Қазақстан Республикасының Үкiметi құратын, құқықтық мәртебесi және қызметiнiң айрықша құқықтық режимi осы Заңмен айқындалатын, мүшелiгi болмайтын коммерциялық емес ұйым;
2) Зияткерлiк мектептер ұйымдары – Зияткерлiк мектептер құратын коммерциялық емес ұйымдар, дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу және одан көп пайызы меншiк немесе сенiмгерлiк басқару құқығымен Зияткерлiк мектептерге тиесiлi басқа да заңды тұлғалар, сондай-ақ олардың еншiлес ұйымдары;
3) Университет ұйымдары – Университет құратын коммерциялық емес ұйымдар, дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу және одан көп пайызы меншiк немесе сенiмгерлiк басқару құқығымен Университетке тиесiлi басқа да заңды тұлғалар, сондай-ақ олардың еншiлес ұйымдары.
2-бап. Қазақстан Республикасының Университет, Зияткерлiк мектептер және Қор туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының Университет, Зияткерлiк мектептер туралы және Қор туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Бiлiм беру, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтi реттейтiн Қазақстан Республикасының заңнамасы Университетке, Зияткерлiк мектептерге және Қорға осы Заңмен реттелмеген бөлiгiнде қолданылады.
3. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3-бап. Университет, Зияткерлiк мектептер және Қор қызметiнiң қағидаттары
Университеттiң, Зияткерлiк мектептердiң және Қордың қызметi мынадай қағидаттарға негiзделедi:
1) академиялық еркiндiк қағидаты – Университеттiң және Зияткерлiк мектептердiң бiлiм беру бағдарламаларын, бiлiм беру қызметiн жүзеге асырудың нысандары мен әдiстерiн, ғылыми зерттеулердi жүргiзу бағыттарын әзiрлеу мен таңдаудағы еркiндiгi;
2) бiлiмнiң, ғылым мен өндiрiстiң интеграциясы қағидаты – Университеттегi және Зияткерлiк мектептердегi бiлiм беру үдерiсiнiң ғылыми және практикалық қызметтен ажырағысыздығы, ғылым және кәсiпкерлiк ұйымдарымен стратегиялық әрiптестiктi қамтамасыз ету;
3) дербестiк және өзiн-өзi басқарушылық қағидаты – Университеттiң, Зияткерлiк мектептердiң және Қордың қаржы-экономикалық, әкiмшiлiк басқарудағы, шешiмдер қабылдаудағы оқшаулығы мен еркiндiгi;
4) шешiмдер қабылдаудың алқалық қағидаты – Университет, Зияткерлiк мектептер және Қор қызметiне байланысты шешiмдердi олардың қамқоршылық кеңестерiнiң, Жоғары қамқоршылық кеңестiң қабылдауы;
5) әлеуметтiк жауапкершiлiк пен ашықтық қағидаты – Университеттiң, Зияткерлiк мектептердiң және Қордың қоғамның әл-ауқатын жақсарту мақсатында әлеуметтiк маңызы бар жобаларды әзiрлеуi және оларға қатысуы, өз қызметiнiң барлық бағыттары бойынша ақпараттық ашықтықты қамтамасыз етуi.
2-тарау. УНИВЕРСИТЕТТIҢ, ЗИЯТКЕРЛIК МЕКТЕПТЕРДIҢ ЖӘНЕ
ҚОРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘРТЕБЕСI
4-бап. Университеттiң, Зияткерлiк мектептердiң және Қордың құқықтық мәртебесi
1. Университет орта бiлiмнен кейiнгi, жоғары, жоғары оқу орнынан кейiнгi және қосымша бiлiм беру саласындағы қызметтi, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтi жүзеге асыру, қазiргi заманғы бiлiм беру, ғылыми инфрақұрылымды құру және өзiнiң жарғысына сәйкес өзге де қызметтi жүзеге асыру мақсатында құрылатын дербес бiлiм беру ұйымы болып табылады.
Университет бiлiм және ғылым саласындағы инновациялық бағдарламаларды әзiрлеудi, оларға мониторинг жүргiзудi, зерттеудi, талдауды, байқаудан өткiзудi, енгiзу мен iске асыруды жүзеге асыратын эксперименттiк алаң болып табылады.
2. Зияткерлiк мектептер мектепке дейiнгi тәрбие мен оқыту, орта, қосымша бiлiм беру саласындағы қызметтi және өзiнiң жарғысына сәйкес өзге де қызметтi жүзеге асыру мақсатында құрылатын дербес бiлiм беру ұйымы болып табылады.
Зияткерлiк мектептер бастауыш мектеп (оның iшiнде мектепке дейiнгi тәрбие мен оқыту), негiзгi мектеп және жоғары мектеп деңгейлерi бойынша бiлiм беру бағдарламаларының қазiргi заманғы модельдерiн әзiрлеудi, оларға мониторинг жүргiзудi, зерттеудi, талдауды, байқаудан өткiзудi, енгiзу мен iске асыруды жүзеге асыратын эксперименттiк алаң болып табылады.
3. Қазақстан Республикасының Үкiметi Университеттiң және Зияткерлiк мектептердiң құрылтайшысы болып табылады.
4. Қор Университеттiң және Зияткерлiк мектептердiң, сондай-ақ олардың ұйымдарының қызметiн қаржыландыруды қамтамасыз ету үшiн ғана қордың ұйымдық-құқықтық нысанында құрылатын коммерциялық емес ұйым болып табылады.
5-бап. Университеттiң және Зияткерлiк мектептердiң мүлкi
1. Университеттiң және Зияткерлiк мектептердiң мүлкi:
1) құрылтайшының дамуға арналған нысаналы салымдары;
2) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша берiлетiн мемлекеттiк мүлiк;
3) ерiктi мүлiктiк жарналар мен қайырмалдықтар;
4) Қор беретiн қаржыландыру;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген жағдайларда тауарларды, жұмыстарды өткiзуден, қызмет көрсетуден түскен түсiмдер (табыстар);
6) акциялар, облигациялар мен салымдар (депозиттер) бойынша алынатын дивидендтер (табыстар, сыйақылар (мүдде);
7) Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа да түсiмдер есебiнен қалыптасады.
Университеттiң және Зияткерлiк мектептердiң осы тармаққа сәйкес қалыптастырылған мүлкi оларға меншiк құқығымен тиесiлi болады.
Университет және Зияткерлiк мектептер өз мүлкiн өздерiнiң құрылу мақсаттарына қол жеткiзу үшiн ғана пайдаланады.
2. Университет және Зияткерлiк мектептер, сондай-ақ олардың ұйымдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттiк тапсырма, мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысын және тегiн медициналық көмектiң кепiлдiк берiлген көлемiн көрсетуге мемлекеттiк тапсырыс алуға құқылы.
3. Дербес бiлiм беру ұйымдарының мүлкiне құрылтайшының мүлiктiк құқықтары болмайды.
Құрылтайшы өзi құрған дербес бiлiм беру ұйымдарының мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi, ал олар құрылтайшының мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
6-бап. Университеттiң, Зияткерлiк мектептердiң және Қордың
басқару органдары
1. Жоғары қамқоршылық кеңес Университеттiң, Зияткерлiк мектептердiң және Қордың жоғары басқару органы болып табылады.
Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев Жоғары қамқоршылық кеңестiң тұңғыш төрағасы болып табылады.
Жоғары қамқоршылық кеңес туралы ереженi Жоғары қамқоршылық кеңестiң тұңғыш төрағасы бекiтедi.
2. Жоғары қамқоршылық кеңестiң құрылымы, құзыретi, қалыптасу тәртiбi, мүшелерiнiң өкiлеттiк мерзiмдерi, оның шешiмдердi қабылдау тәртiбi осы Заңда, сондай-ақ Жоғары қамқоршылық кеңес туралы ережеде айқындалады.
3. Жоғары қамқоршылық кеңестiң құзыретiне:
1) Университеттiң, Зияткерлiк мектептердiң және Қордың ұзақ мерзiмдi даму стратегияларын бекiту;
2) мүлiкке билiк ету тәртiбiн бекiту;
3) Университеттiң, Зияткерлiк мектептердiң және Қордың жарғыларына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу, оларды жаңа редакцияда қабылдау;
4) Университеттiң, Зияткерлiк мектептердiң және Қордың қамқоршылық кеңестерiн қалыптастыру, қамқоршылық кеңестердiң мүшелерiн тағайындау және олардың өкiлеттiктерiн тоқтату;
5) Университеттi, Зияткерлiк мектептердi және Қорды қайта ұйымдастыру, тарату туралы шешiм қабылдау;
6) Жоғары қамқоршылық кеңес туралы ережеге сәйкес өзге де өкiлеттiктер жатады.
4. Тұрақты жұмыс iстейтiн қамқоршылық кеңестер Университеттiң, Зияткерлiк мектептердiң және Қордың қызметiне жалпы басшылықты жүзеге асыратын басқару органдары болып табылады.
Университеттiң, Зияткерлiк мектептердiң және Қордың қамқоршылық кеңестерiнiң құрылымы, құзыретi, қалыптасу тәртiбi, мүшелерiнiң өкiлеттiк мерзiмдерi, олардың шешiмдердi қабылдау тәртiбi осы Заңда, сондай-ақ олардың жарғыларында айқындалады.
5. Университеттiң, Зияткерлiк мектептердiң және Қордың қамқоршылық кеңестерiнiң құзыретiне:
1) жылдық және орта мерзiмдi бюджеттердi бекiту;
2) Университеттiң, Зияткерлiк мектептердiң және Қордың атқарушы органдарының сан жағынан құрамын айқындау, олардың басшылары мен мүшелерiн немесе атқарушы органның функцияларын жеке-дара жүзеге асыратын адамдарды сайлау, сондай-ақ олардың өкiлеттiктерiн мерзiмiнен бұрын тоқтату;
3) тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi сатып алу қағидаларын бекiту;
4) Университеттiң, Зияткерлiк мектептердiң және Қордың жарғыларына сәйкес өзге де өкiлеттiктер жатады.
6. Университеттiң және Зияткерлiк мектептердiң қамқоршылық кеңестерiнiң құрамына құрылтайшының өкiлдерi, ғылыми және педагог қызметкерлер, қоғамдық бiрлестiктердiң өкiлдерi және өзге де адамдар кiредi. Мемлекеттiк қызметшiлер Университеттiң, Зияткерлiк мектептердiң және Қордың басқару органдарына тағайындалған жағдайда олар аталған заңды тұлғаларды басқаруға қатысады.
7. Университеттiң, Зияткерлiк мектептердiң және Қордың ағымдағы қызметiне басшылықты олардың атқарушы органдары жүзеге асырады. Атқарушы органдар алқалы немесе жеке-дара болуы мүмкiн.
Университеттiң, Зияткерлiк мектептердiң және Қордың атқарушы органдары Жоғары қамқоршылық кеңестiң, Университеттiң, Зияткерлiк мектептердiң, Қордың қамқоршылық кеңестерiнiң шешiмдерi негiзiнде және оларды орындау үшiн жұмыс iстейдi және оларға есеп бередi.
Университеттiң, Зияткерлiк мектептердiң және Қордың атқарушы органдарының құрылымы, құзыретi, қалыптасу тәртiбi мен өкiлеттiк мерзiмдерi олардың жарғыларында айқындалады.
8. Университетте, Зияткерлiк мектептерде және Қорда олардың жарғыларына сәйкес өзге де органдар құрылуы мүмкiн.
7-бап. Университеттi, Зияткерлiк мектептердi және Қорды
қайта ұйымдастыру, тарату
1. Университет, Зияткерлiк мектептер және Қор осы Заңға, Қазақстан Республикасының заңнамасына және олардың жарғыларына сәйкес қайта ұйымдастырылуға, таратылуға жатады.
2. Университет, Зияткерлiк мектептер, Қор таратылған кезде кредит берушiлердiң талаптары қанағаттандырылғаннан кейiн қалған мүлiк олардың құрылтай құжаттарында көрсетiлген мақсаттарға жұмсалады.
3-тарау. УНИВЕРСИТЕТ, ЗИЯТКЕРЛIК МЕКТЕПТЕР ЖӘНЕ
ҚОР ҚЫЗМЕТIНIҢ АЙРЫҚША ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕЖИМI
8-бап. Университеттiң және Зияткерлiк мектептердiң бiлiм беру қызметiн лицензиялау, аттестаттау және аккредиттеу
1. Университет, Зияткерлiк мектептер, олардың ұйымдары, сондай-ақ Университетте және (немесе) Зияткерлiк мектептерде бiлiм беру бағдарламаларын енгiзетiн және (немесе) iске асыратын шетелдiк заңды тұлғалар бiлiм беру қызметiн лицензиясыз жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының бiлiм туралы заңнамасында көзделген мемлекеттiк аттестаттау Университетке және Зияткерлiк мектептерге қатысты жүргiзiлмейдi.
3. Университеттi және Зияткерлiк мектептердi аккредиттеудi тәуелсiз, оның iшiнде шетелдiк аккредиттеу ұйымдары жүзеге асырады.
9-бап. Университеттiң бiлiм беру қызметiн жүзеге асыру ерекшелiктерi
1. Университет бiлiм беру қызметiн өз бетiнше әзiрлеген бiлiм беру бағдарламалары, сондай-ақ шетелдiк әрiптестерiнiң бiлiм беру бағдарламалары негiзiнде жүзеге асырады.
2. Бiлiм беру қызметiн ұйымдастыру, оқуға қабылдау, бiлiм алушылардың үлгерiмiн ағымдағы бақылау, оларды аралық және қорытынды аттестаттау тәртiбiн Университет өз жарғысына сәйкес өз бетiнше айқындайды. Университетте бiлiм алушылар мемлекеттiк аралық бақылаудан босатылады.
3. Университет бiлiм беру қызметтерiн көрсету шартының нысанын өз бетiнше бекiтедi.
4. Университетте бiлiм алушыларға мемлекеттiк гранттар мен өзге де төлемдердiң мөлшерiн және оларды беру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
5. Университет өзiнде iске асырылып жатқан бiлiм беру бағдарламалары бойынша оқу бiтiрген және қорытынды аттестаттаудан өткен адамдарға тиiстi бiлiм және (немесе) бiлiктiлiк деңгейi туралы құжаттар бередi. Бiлiм туралы құжаттардың бiрыңғай нысанын және оларды толтыру тәртiбiн Университеттiң қамқоршылық кеңесi бекiтедi.
6. Университет беретiн тиiстi бiлiм және (немесе) бiлiктiлiк деңгейi туралы құжаттар өздерiнiң иелерiне бiлiм туралы мемлекеттiк үлгiдегi құжаттардың иелерi үшiн көзделген құқықтарды бередi.
10-бап. Зияткерлiк мектептердiң бiлiм беру қызметiн жүзеге асыру ерекшелiктерi
1. Зияткерлiк мектептер өз бетiнше әзiрлеген бiлiм беру бағдарламаларын, сондай-ақ шетелдiк әрiптестерiнiң бiлiм беру бағдарламаларын iске асырады.
Зияткерлiк мектептерде iске асырылатын бiлiм беру бағдарламалары мынадай: бастауыш мектеп (оның iшiнде мектепке дейiнгi тәрбие мен оқыту), негiзгi мектеп және жоғары мектеп деңгейлерiнен тұрады.
2. Бiлiм беру қызметiн ұйымдастыру, оқуға қабылдау, бiлiм алушылардың үлгерiмiн ағымдағы бақылау, оларды аралық және қорытынды аттестаттау тәртiбiн Зияткерлiк мектептер өз бетiнше айқындайды. Зияткерлiк мектептерде бiлiм алушылар мемлекеттiк аралық бақылаудан босатылады.
3. Зияткерлiк мектептерде бiлiм алған адамдар ұлттық бiрыңғай тестiлеуден босатылады.
4. Зияткерлiк мектептер өздерiнде iске асырылып жатқан бiлiм беру бағдарламалары бойынша оқу бiтiрген және қорытынды аттестаттаудан өткен адамдарға тиiстi бiлiм деңгейi туралы құжаттар бередi, олар бiлiм туралы мемлекеттiк үлгiдегi құжаттарға теңестiрiледi. Бiлiм туралы құжаттардың бiрыңғай нысанын және оларды толтыру тәртiбiн Зияткерлiк мектептердiң қамқоршылық кеңесi бекiтедi.
5. Зияткерлiк мектептердi бiтiргеннен кейiн бiлiм туралы құжат алған адамдарға бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi орган бiлiм беру гранттарын алуға арналған конкурсқа қатысу үшiн ұлттық бiрыңғай тестiлеудiң нәтижелерi туралы сертификаттар бередi. Сертификаттардың балдары бiлiм беру саласындағы уәкiлеттi орган бекiтетiн шәкiл бойынша қорытынды бағаларды (балдарды) ауыстыру арқылы белгiленедi.
11-бап. Университеттiң ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтi жүзеге асыруы
1. Университет ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтi жүзеге асырады, гранттық, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қаржыландыру көздерi есебiнен ғылыми зерттеулер жүргiзедi.
2. Университет салалық ғылыми орталықтар құруға құқылы.
3. Университет және оның салалық ғылыми орталықтары Қазақстан Республикасының ғылым туралы заңнамасында көзделген олардың ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметiн аккредиттеуден босатылады.
4. Университет ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерiн практикада қолдануға (коммерцияландыруға) қатысуға құқылы. Университеттiң және оның салалық ғылыми орталықтарының ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерiн практикада қолдану (коммерцияландыру) нәтижесiнде алынған табыстары тек қана оларды дамытуға жұмсалады.
12-бап. Университеттiң, Зияткерлiк мектептердiң және. Қордың шетелдiк жұмыс күшiн тарту ерекшелiктерi
1. Университет, Зияткерлiк мектептер, олардың ұйымдары, сондай-ақ Қор шетелдiк қызметкерлердi басшы және жоғары бiлiмдi мамандар лауазымдарына тартуды шетелдiк жұмыс күшiн тартуға берiлетiн рұқсатты алмай-ақ жүзеге асырады.
2. Университетте немесе оның медициналық ұйымдарында медициналық қызметпен айналысу құқығын беретiн немесе кәсiптiк медициналық қызметтi жүзеге асыруға шақырылған мамандардың шетелде алған бiлiктiлiк санатын куәландыратын құжат Қазақстан Республикасының аумағында санат берiлмей-ақ қолданылатын маман сертификатына теңестiрiледi.
13-бап. Қорытынды ережелер
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
2. Осы Заң қолданысқа енгiзiлген кезден бастап алты ай iшiнде құрылтайшы Университеттi және Зияткерлiк мектептердi, оның iшiнде жарғылық капиталына мемлекет қатысатын тиiстi заңды тұлғаларды қайта ұйымдастыру арқылы құру туралы шешiм қабылдайды.
3. Жоғары қамқоршылық кеңес Университеттiң, Зияткерлiк мектептердiң және Қордың жарғыларын қабылдағанға дейiн аталған ұйымдар олардың құрылтайшылары бекiткен жарғылар негiзiнде жұмыс iстейдi.
Қазақстан Республикасының
Президентi Н. Назарбаев