Жаңалықтар

Елордалық NIS оқушысы Абу-Дабидегі Нью-Йорк университетінде тегін оқу құқығына ие болды

Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Зейн Муханов Абу-Дабидегі Нью-Йорк университетінің (NYUAD) грантын ұтып алды.

Абу-Дабидегі Нью-Йорк университетінің гранты Зейннің оқу, жатын орын және жол шығындарын толық өтеп, медициналық сақтандыру мен оқулықтармен қамтамасыз етеді.

–         Жоғары оқу орындарын таңдау кезінде университетте мені қызықтыратын бағдарламалардың, шет елден келген оқушыларға көрсетілетін қаржылай көмектің болуына баса назар аудардым. Беделді бірнеше университеттерге құжат тапсырдым. Бағым жанып, алдыңғы қатарлы Нью-Йорк университетіне грант ұтып алдым. Жалпы, NYUAD университеті жайында өз достарымнан және сонда білім алып жатырған біздің мектептің түлектерінен естідім, – дейді Зейн.

Жас зияткер – оқуда озат, алғыр, мектепішілік және қоғамдық іс-шараларға белсене қатысады. Ол БҰҰ жұмысының білім беру репродукциясы болып табылатын «БҰҰ Моделі» клубының мүшесі, «Adal Volunteers Club-та» ерікті болды. Сонымен қатар,  Назарбаев Университетінің бастамасымен өткізілген «ABC Incubation» – жас кәсіпкерлерді, студенттерді қолдау бағдарламасының байқауында да бақ сынады.

Зейннің кураторы Перизат Тлеубердиеваның айтуынша, оқушысының болашақта  білікті маман болуына барлық мүмкіндігі бар:

–         Зейн өте еңбекқор, салмақты, өте жауапты, сыныптастарының арасында беделі бар оқушы.  Зейннің сабақ үлгерімі де өте жақсы, сондай-ақ, ол тәртібі жағынан да үлгілі оқушылардың бірі. Болашақта Зейн үлкен белестерден көрінеді деп сенемін, зерек оқушыдан үлкен үміт күтемін!

Мектепте физика, математика және өнер пәндерін тереңдетіп оқып жатқан Зейн «Құрылыс инженериясы» немесе «Өнер тарихы» мамандықтарында білім алу жоспарында бар. Алдағы уақытта аянбай еңбек етуді және білімін әрі қарай шыңдауды мақсат етіп отыр.