жаңалықтар

NIS «Табысқа апарар жолды» қолдайды

Елордадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектепте «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» атты бірінші республикалық жас мұғалімдер форумы аяқталды.

 

Екі күн де шығармашылық толқынға, жаңа танысуларға, кәсіби ашылуларға, өршіл жобаларға, шабыт сыйлайтын тренингтер мен шеберлік сабақтарға толы болды. Жабылу салтанатында қарағандылық Олег Тё форумда уақыттың өзгеше өлшемге ие болғанын және табысқа жетудің нақты мотивациясын бойына жиғанын мойындады.

 

NIS халықаралық бакалавриат мектебінің жас педагогтері атынан Несібелі Нуридин қатысты.

 

Жаһандық білім беру комиссиясының Азия хаб комиссары, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова әрбір делегатқа үміт артатынын және отандық білімнің бәсекеге қабілеттілігі мен жемісті болатынына сенімін білдірді, сондай-ақ барлық жас мұғалімге NIS-тің үлкен отбасына қабылданғанын ерекше атап өтті. Республикалық форумның негізін қалаушы ретінде Күләш Ноғатайқызы алдағы уақытта барлық облыста өңірлік кездесулер өткізуді жоспарлап отырғанын айтты.

 

Форум ұйымдастырушылары – отандық мұғалімдердің кәсіби дамуын жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатқан Педагогикалық шеберлік орталығының табысты командасы сахнаға шығып, жас мамандардың ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленді.

Бүгінде «Табысқа апарар жол» атты бірінші форум тарих бетіне жазылды, ал еліміздің үздік жас мұғалімдері NIS-пен бірге табысқа жету жолын жалғастыруда.