жаңалықтар

NIS мектептерінде “Eco Jeli” эко жобалар желілік байқауы аяқталды

Эко хакатон аясында зияткерлік мектептердің оқушылары 5 айға жуық уақыт дайындалып, үздік деп таныған 25 жобасын ұсынды.

Финалдық турға қатысушылар онлайн форматта баламалы қуат көздері, жаһандық жылыну, күн энергиясы тақырыптары аясындағы жобаларын әділ қазылар алқасына таныстырды.

– Эко Желінің  басты мақсаты –  табиғатты қорғау мен экология саласындағы бастамаларды бірегей күшпен орындап, бұл саланың дамуына бірлесе отырып ат салысу. Ортақ мақсатты мүдделеген зияткерлік мектептер қауымдастығы ретінде келер жылдарда да Эко желі өз жұмысын жалғастырады. Ол әр Назарбаев зияткерлік мектебіндегі Эко Клуб жұмысы арқылы, әрі ортақ желілік жобалар арқылы орындалатын болады, – дейді жас эко амбассадор Сәнім Зейінғабыл.

Хакатон нәтижесі бойынша  жүлделі ІІІ орынды елордалық екі зияткерлік мектептің «Eco Warriors» және «Team Bumblebees», сондай-ақ ақтаулық «EcoGenZ», шымкенттік химия-биология бағытындағы «AsMazir» командасы иеленді.

Жобаларының ерекшелігімен ақтаулық екі команда  «Electro Hakim» мен «Eco Friendly» және семейлік «Shagan X» командалары ІІ орынмен марапатталды.

Үздіктердің үздігі көкшетаулық «Eco Power» командасы танылып, І орынды қанжығаларына байлады.

– Барлық командалар жарты жыл бойы экологиялық мәселелерді шешу үшін еңбек етті және бүгін олар өз еңбектерінің нәтижелерін көріп отыр. Экология және бизнес саласындағы мықты сарапшылар – Бахыт Есекина,  Аида Бапахова, Әділ Жармұхамбетов, Жанар Құлжанова, Гүлмира Исмагулова, Асылжан Упашева, Бексұлтан Уразбеков, Мәриям Қасымова, Мұхтар Қошқарбаев, Әлия Салменова және Алина Досанова секілді мамандардың  аталмыш байқауда төрелік етіп, оқушылармен ақыл-кеңестерімен бөліскендері қуантады.  Әділ қазылар алқасы оқушы жобаларының деңгейін жоғары бағалады! Осындай байқаулар жыл сайынғы дәстүрді сақтап, экоклубтардың жұмысы бір ұрпақтан екінші ұрпаққа жалғасады деп сенемін, – дейді жоба координаторы Дана Қасымбаева.  

Зияткерлер ұсынған құрылғылар, бизнес-жоспарлар, мобильдік ойындар болашақта табиғатты сақтауға көмектесетін таптырмас жоба болмақшы.