жаңалықтар

NIS халықаралық бакалавриат мектебінің ұстаздары жаһандық конференцияға қатысты

Астаналық NIS педагогтері Нидерланды мемлекеті Гага қаласында өткен Халықаралық бакалавриат бағдарламасының жаһандық конференциясына қатысты. Мектеп директоры Сабыржан Садуақасов бастаған делегация құрамына негізгі мектеп координаторы Гүлден Исина және физика пәні мұғалімі Әлима Құрбанғалиева енді.

Конференция Халықаралық бакалавриат бағдарламаларын дамыту шеңберінде инновациялық жетістіктерді енгізуге баса назар аудара отырып, халықаралық білім беру саласындағы озық тәжірибемен алмасуға мүдделі мектептер, колледждер, ЖОО және провайдер-орталықтар қоғамдастығының қызметін интеграциялауға бағытталған.

Қатысушылардың айтуынша, конференция Халықаралық Бакалавриаттың әлемдік көшбасшыларының, баспа және электрондық ресурстарды әзірлеушілердің, IB білім беру бағдарламаларын іске асыруға қатысатын педагогтердің кәсіби пікір алмасу форматында өткен.

Әріптестердің өзара іс-қимылы мұғалімдердің командадағы пәнаралық құзыреттіліктері мен жұмыс принциптеріне негізделген кәсіби дамуына өзінше әсер етті.