Қарттар күні мерекесіне орай NIS халықаралық бакалавриат мектебінің оқушылары қарияларды мерекесімен құттықтады
Кездесу Астана қаласындағы NIS мектебі базасында өтті. «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан келген қонақтар зияткерлердің өнерін тамашалады. Астаналық қарттардың бастарын қосқан мерекелік шарада мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Абишева сөз алып, қазыналы қарияларға ізгі тілегін арнады.
– «Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз, тәлім-тағылымдарыңыздың біз үшін орны бөлек, – дейді Гүлмира Абишева.
Қарияларға арнап «Сарыжайлау» әні шырқалып, домбырашылар төгілте күй тартса, мың бұралған бишілер тамаша өнерін көрсетті. Концерт соңында оқушылар қарияларға авторлық суреттері мен бөлме гүлдерін тарту етті.
– Бірнеше күн бойы оқушыларымыз арнайы осы суреттерді бейнеледі. Бар ризашылығы мен махаббатын арнады. Ал бөлме гүлдерін сыйлауымыздың өзінің ерекшелігі бар. Оқушылардың идеясы бойынша осы гүлдерді көрген сайын қариялар осынау тамаша концертті естеріне алса, – дейді педагог-ұйымдастырушы- куратор Перизат Тлеубердиева.
«Баянауыл» және «Алтын Емел» шаңырақтары ата-аналарының қолдауымен ақ дастархан жайылып, мерекелік кеш үстел басында жалғасты.
Қарттар қауымы болса, оқушыларға, олардың ата-аналары мен ұстаздарына алғыс білдірді.