жаңалықтар

«Оқыту, тәрбиелеу, жақсы көру: Қазақстандағы Балалар жылы»

Елордада «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының «Оқыту, тәрбиелеу, жақсы көру: Қазақстандағы Балалар жылы» атты XIII Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өз мәресіне жетті.

«Оқыту, тәрбиелеу, жақсы көру» символикалық атауын алған астаналық педагогикалық форумның еліміздегі Балалар жылына орайластырылған басты шаралардың біріне айналғаны қисынға сай.

Конференцияда 1500-ден астам қазақстандық мұғалімдер мен ғалымдар, сондай-ақ Финляндия, Ұлыбритания, Корея, Эстония, Ресей, Сингапур, Нидерланды, Жапония, АҚШ, Австралия, Португалия, Испания, Мальта және Болгария елдерінің белгілі педагогтері бас қосты.

Астанаға әлемдік білім беру саласының ең танымал өкілдері келді: Финляндиядағы Ювяскюль университеті тобының Educluster Finland инновациялар және сыртқы байланыстар жөніндегі директоры Дэвид Марш, Корей білім беруді дамыту институтының ғылыми қызметкері Сунг Джи Парк, Оксфорд университетінің Балаларды дамыту және оқыту профессоры Ирам Сираж (Ұлыбритания), Кембридж университетінің Емтихандық кеңесі өкілі Тим Оутс (Ұлыбритания), Жапониядағы Ұлттық білім беру саясатын зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Тошия Чичибу, Көптілді оқыту сарапшысы Питер Мехисто (Эстония).

Конференция делегаттарын Астана әкімі Алтай Көлгінов пен Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев қарсы алды.

Конференцияның ауқымды күн тәртібі «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинованың «Өзгермелі әлемде балаларды жан-жақты дамыту» атты баяндамасында айқындалды.

«Болашақ жолы: заманауи үрдістерді қабылдау» атты ең күрделі тақырыпты Финляндиядағы Ювяскюль университеті тобының Educluster Finland инновациялар және сыртқы байланыстар жөніндегі директоры, философия ғылымдарының докторы Дэвид Марш талдады. Ол халықаралық сарапшылар тобының құрамында Қазақстан мұғалімінің кәсіби стандартын жасауда NIS-пен серіктестікте жұмыс істеді.

– Стандарт балалардың сапалы білімге қол жеткізудегі толық теңдігін қамтамасыз етеді және мұғалімнің мансаптық жолындағы үздіксіз кәсіби өcуіне сәйкес келеді, – деп Дэвид Марш «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ әзірлеген тұжырымдамалық құжаттың жоғары сапасын атап өтті.

Конференцияның жарқын сәттерінің бірі – Нидерландыдағы сараптама және сертификаттау зерттеу орталығының «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымына конкурстық іріктеуді аккредиттеу туралы RCEC сертификатын табыстау рәсімі болды.

– Бұл NIS-тің әлемдік білім берудегі жаңаша мойындалуы, ол әділдіктің, сенімділіктің, объективтіліктің жоғары стандарттарын, сондай-ақ конкурстық іріктеу жүйесінің халықаралық талаптарға сәйкестігін растайды, – деп атап өтті Қазақстан астанасындағы конференцияға сертификатты өзі табыстау үшін арнайы келген RCEC директоры Арнольд Дж. Брауэр.

2022 жылғы Халықаралық конференцияның басты мазмұндық сипаттамасы – қазіргі білім берудегі негізгі трендтерге тәжірибелік тұрғыдан назар аудару.

Елордадағы Зияткерлік мектеп оқушысы, «Nomadteens» негізін қалаушысы Жәния Кеңес конференция мінберінен қазіргі жасөспірімді не толғандыратыны туралы алдыңғы буын өкілдеріне айтып берді. «Оқушылардың қарекетшелдігі» атты ең қызықты секцияда «Біз әлемді жақсы жаққа өзгертеміз!» деп негізгі идеяны өздері анықтаған мектеп оқушыларының шынайы дауыстары естілді.