жаңалықтар

Сәт сапар, жас түлек!

Бүгін NIS халықаралық бакалавриат мектебінің 2021-2022 оқу жылы түлектері үшін соңғы қоңырау сыңғырлады. Тағы бір оқу жылын аяқтаған салтанатты жиын араға екі жыл салып дәстүрлі форматта өтті.

Мектеп тарихындағы 9-шы шығарылымда Зияткерлік мектептен 129 түлек түлеп ұшты.  

Мектеп директоры Сабыржан Садуақасов оқушыларды, мұғалімдер мен ата-аналарды оқу жылының аяқталуымен құттықтап, түлектерге сәт сапар тіледі:

–  Сіздер жаңа ғасырға сай сапалы білім алдыңыздар! Мақсаткерлік пен еңбексүйгіштікті үйрендіңіздер! Соның арқасында кез келген қиындықтан мойымай, үлкен өмірдің сан тарау жолдарында жауапкершілікпен шешім қабылдайтындарыңызға сенеміз!

Биылғы оқу жылында 12-сынып оқушылары әлемнің беделді оқу орнына түсу дәстүрін табысты жалғастыруда. Түлектеріміз АҚШ, Жапония, Гонконг, Корея, Ұлыбритания, Германия, Италия сияқты мемлекетердің жоғарғы оқу орындарынан шақыру алып отыр.

Осы оқу жылында білімде, ғылымда, спортта, өнерде топ жарған оқушылар марапатталды.

Мектеп президенті Жалғас Тілеумұратин «Жыл оқушысы»,  «Жыл шаңырағы» атағы «Каспий» шаңырағына берілді. Орыс тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Зауреш Сугурбаева және Математика пәнінің мұғалімі Ғазиз Ажмолдаев «Жыл мұғалімі» атағына ие болды. 12-сынып оқушысы Арман Рысмаханов – Intell.kz, жыл Creative атағы Дания Ишанкулова, 7-сынып оқушысы Бірғаным Батырбек үздік «Sport» номинациясына ие болды, ал «Үздік ата-ана» Гүлжан Пернебекова танылды.

Мектеп бітіруші зияткерлер де өз кезегінде аяулы ұстаздарына алғысын айтып, жылы лебізін жеткізді.

Жиыннан кейін  мектеп түлектерінің NIS Alumni қауымдастығы тұңғыш рет зияткерлік NIS Challenge ойынын ұйымдастырды.