жаңалықтар

Қамқоршылық кеңестің алғашқы отырысы

Нұр-Сұлтан қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 2022 жылғы Қамқоршылық Кеңесінің алғашқы отырысы өтті.

Қамқоршылық Кеңес –  мектепке қолдау көрсету мақсатында құрылған қоғамдық бірлестік.

Ең алдымен келген қонақтарға NIS халықаралық бакалавриат мектебінің үздік жобалары таныстырылды. Атап айтсақ, Жания Кеңес және Арсен Мұхамеджановтың  “Nomad Teens” жасөспірімдерге психологиялық қолдау көрсету жобасы,  Арман Рысмаханов және Екатерина Ким ұсынған зағип жандарға жазуға көмек көрсететін “Jazgysh” машинасы, карантин уақытында оқушылардың білімін арттыруға септігін тигізген “Uide Oqy” жобасын Балғын Оразалы таныстырды. Сонымен қатар, ең жас табиғат жанашыры – Сәнім Зейінғабыл эко жобалар жайлы айтса, Аяжан Темирболат, Томирис Утешева, Эльмира Абенова “Zhas and Healthy” жобасының ұтымды тұстарына тоқталды.

Ұлттық құндылықтар мәдениет, өнер және дәстүр арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жетері сөзсіз. Осы тұста, Ақтолғай Шарибат қонақтарға авторлық үстел ойының көрсетсе, Ибрагим Әмірбек «Көкпар» ойының цифрландырудың маңыздылығын тілге тиек етті.

Оқушылармен әңгімелесу барысында Кеңес мүшесі Берік Жакенов оқушылардың жобалары жоғары деңгейде екенін атап өтті, сондай-ақ бірлесіп жұмыс істеу үшін жергілікті әкімдікпен одан әрі ынтымақтастық орнату барысын ұсынды.

Отырыс барысында мектеп директоры Сабыржан Садуақасов өзінің кіріспе сөзінде Зияткерлік мектептің 2021-2022 оқу жылындағы оқу жетістіктері, түлектердің жоғары оқу орындарына түсуі, мектеп қоғамдастығының ғылыми-олимпиадалық және жеке жобалардағы жетістіктерімен таныстырды.

« 2021 жылғы дипломдық бағдарламаның нәтиже бойынша,  20-дан астам оқушы 45 мүмкін баллдан 40 балл жинаса, бір оқушы ең жоғары және рекордтық 45 ұпайдан 44 ұпай жинады. Сондай-ақ, IELTS және SAT халықаралық емтихандарын тапсыру нәтижелері жылдан жылға көбеюде. Сондай-ақ биыл, мектебімізге оқуға түсуге рекордтық көрсеткіш 1678 үміткер құжат тапсырған», – дейді мектеп директоры.

Қамқоршылық кеңес отырысының күн тәртібіне сәйкес 2022 жылға арналған Қамқоршылық Кеңес жоспары да талқыланды.