ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздары MS Teams платформасы арқылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында нақтылғанған негізгі басым бағыттарды талқылауға арналған онлайн жиын ұйымдастырды. Пікір алмасуға негізделген жиынға білім ордасының әкімшілігі мен мектеп мұғалімдері қатысты.
Мектеп ұжымы мемлекет басшысының Қазақстан халқына жасаған жаңа жолдауын зор ықыласпен қабылдап, ел өміріне серпіліс беретін келелі өзгерістердің, халықтың өмір сүру сапасын арттырып, əлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған шаралардың бастамасы екендігіне сенім білдірді. Педагогтар Президент Жолдауындағы негізгі қағидалар туралы ой қозғап, өз пікірлерін ортаға салды. Әсіресе, көпшіліктің көкейінде жүрген 2021 жылдың сын-қатерлеріне төтеп беру, қашықтан білім беру жағдайындағы оқыту, ұстаз мәртебесінің артуы, жастарға деген мемлекеттік қамқорлық, қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму секілді мәселелер қызу талқыға түсті.
Алғашқы боп сөз алған Тарих пәні мұғалімі Раушангүл Жолдыбаева еліміз үшін маңызды жолдауда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткенімізді таразы басына саралай отырып, келешекке нәтижелі істермен қадам басу керек екендігімізді нақты көрсеткенін атап өтті:
– Президент Жолдауы – еліміздің ілгері дамуына, бүгінгідей қиын кезеңде сеніммен қадам басуға мүмкіндік беретін маңызды бағдарламалық құжат. Мемлекет басшысы Жолдауында экономика халықтың əлеуметтік жағдайын жақсартуға, халықтың сұранысын қанағаттандыруға бағытталуы керек екенін баса айтып, үкімет пен мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар жүктеді.