NIS-те «Жасанды интеллект және мехатроника» Наурыз кездесулері басталды
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында Наурыз кездесулері басталды.
Биылғы жылы көктемгі дәстүрлі ғылыми жобалар байқауы қазіргі заманның ең өзекті басымдықтарының бірі – «Жасанды интеллект және мехатроника» тақырыбына арналды.
Екі күн бойы қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде онлайн форматта вебинарлар жоспарланған, онда жасанды интеллект, цифрлы технологиялар, робототехника, инженерия, сәулет және экология саласындағы танымал отандық және шетелдік спикерлер сөз алады.
Олардың қатарында Австралиядан су көліктері түрлері бойынша сарапшы Брендан Норман, ресейлік «R:ED» компаниясының білім беру жобаларын дамыту бөлімінің басшысы Алиса Большакова, Назарбаев Университетінің ғылыми қызметкері Жанат Махатаева және басқа да беделді ғалымдар бар.
18 наурыздағы практикалық сабақтар топографиядағы Пифагор теоремасы, жер сілкінісін түсіну үшін математикалық модельдеуді қолдану, ғарыштық материалдарды құру және химия, биология, физика, математика және информатика саласындағы басқа да жобаларға арналады.
Жобаның бірінші күні NIS эфирінде Астана IT университетінің ғылыми қызметкері, физика ғылымдарының PhD Нұрхат Жакиев энергетика саласында машиналық оқыту әдістерін қолдану туралы және республиканың тау-кен металлургия өнеркәсібіндегі жасанды интеллект жайында қазақстандық Tech Garden компаниясының жобаларын жүзеге асыру инженері Александр Каржавин баяндама жасады.
Наурыз кездесулері қатысушылары «Машиналар мен адамзаттың болашағы. Жасанды интеллект және адам интеллектісі» тақырыбындағы қызықты баяндамасымен Цюрихтен әйгілі швейцариялық футуролог Герд Леонхардтың қосылуын асыға күтуде.
«QazInnovations» өкілі Данияр Бектенов өз баяндамасын еліміздегі инновациялық жобалар мен мемлекеттік қолдау шараларына арнайды.