Аида Давлетова – лингвистикадан халықаралық олимпиада жүлдегері
Елорда төрінде халықаралық олимпиада жеңімпаздарын құттықтау рәсімі өтті. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов дарынды оқушыларды салтанатты түрде марапаттады.
NIS халықаралық бакалавриат мектебінің оқушысы Аида Давлетова бұған дейін республикалық лингвистикалық олимпиаданың жеңімпазы атанып, әлемдік деңгейдегі білім байқауында Қазақстанның намысын қорғауға мүмкіндік алды. Жас лингвист IOL-да алғаш рет бақ сынаған болатын.
IOL-2022 Ұлыбританияның Мэн аралында 24-30 шілде аралығында өтті. Қатысушылар убых, чам, нцъу, арабана, алабама және маньчжур тілдерін меңгеруден бақ сынасты.
– Халықаралық олимпиадада қола медаль иегері атану маған үлкен тосын сый болды. Биыл мектеп қабырғасындағы соңғы жыл осындай керемет нотада аяқталарына қуаныштымын. Болашақтан күтерім көп. Академиялық жоспарларым жетерлік. Солардың бірі – антропология ғылымын елімізде дамыту. Алдағы уақытта лингвистика мен биологияны ұштастырғым келеді, – дейді Аида Давлетова.
Жас лингвистке жетістігі үшін 1,5 млн теңге көлемінде сертификат табысталды. Бұл мемлекет тарапынан дарынды оқушыларды ынталандыру мақсатында қолға алынған шара.