Жаңалықтар
NIS 9-сынып оқушылары «Үздік ғылыми жоба» байқауында жеңімпаз атанды
Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары «Bilim-órkenieti» ұлттық-инновациялық ғылыми зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өткен «Үздік ғылыми жоба 2021» республикалық байқауында жеңімпаз атанды.
9-сынып оқушылары Мира Султангалиева және Жанетта Абдикеримова әдебиеттану секциясы бойынша «Абай шығармаларындағы адамды мінездеу ерекшеліктері» тақырыбында зерттеулер жүргізіп, нәтижесінде олардың ғылыми жобалары үздік бағаға ие болды. Зияткерлік мектеп оқушылары «Үздік ғылыми жоба-2021» атты республикалық кітап жинағы, арнайы тағайындалған «Үздік ғылыми жоба-2021» төсбелгісі, куәлік және І дәрежелі республикалық дипломмен марапатталды. Сондай-ақ, оқушылардың жетекшісі Алия Байжанова байқауға шәкірт дайындап, белсенділік танытқаны үшін Алғыс хатқа ие болды.
Байқау ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласын педагогтар мен білім алушылардың арасында кеңінен насихаттау, оқушылар мен студенттердің зерттеушілік, ғылыми ойлау қабілеттерін дамыту мақсатында өткізілді.
Мектеп қауымдастығы атынан Мира мен Жанеттаны жеткен жетістігімен құттықтаймыз! Жетекшісі Алия Байжанованың асуларды бағындырған жеңімпаз оқушылары көбейе беруіне тілектеспіз!