Жаңалықтар

NIS оқушысы FBLA олимпиадасында ТОП-5-ке енді

Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10 «А» сынып оқушысы Жалғас Тілеумұратин FBLA (Future Business Leaders of America) KAZAKHSTAN 2020-2021 олимпиадасының финалисті атанып, үздік бестікке енді.

Жалғас мектеп оқушыларына арналған бизнес бойынша халықаралық сайыстың үш кезеңінде белсенділік танытып, топ жарды. Ол 2021 жылдың шілде айында АҚШ-тың Аннехейм Штатында өтетін онлайн Халықаралық Бизнес Конференциясында Қазақстандық делегат ретінде қатысуға мүмкіндік алды.
– Олимпиада жайлы ақпаратты Instagram әлеуметтік желісінен көрдім. Ұсынылған 70 бағыттың ішінен экономика санатын таңдадым. Бұл санатта мен жақсы көретін математикалық формулалар, есептер және график талдаулары болды. Оған қоса, экономика – мені қызықтыратын салалардың бірі. FBLA олимпиадасына қатысу маған бірнеше мүмкіндік береді. Ең алдымен, бұл – Халықаралық деңгейдегі сайыс болғандықтан, шет елдік университеттерге оқуға түсуде біршама басымдылық беруі мүмкін. Екіншіден, шілде айындағы Конференцияда Қазақстандық делегат ретінде қатысатын боламын, – дейді Жалғас.
 
Үздік ондық финалисттерге 2021 Халықаралық Бизнес Конференциясына тегін қатысу мүмкіндігі берілді. Ал, үздік бестікке енген финалисттер 200$ көлеміндегі қаржылай сыйақыға және 2 апталық АҚШ-қа жолдамаға ие болды.
 
FBLA Kazakhstan – бұл Қазақстандық оқушыларға бизнес туралы көбірек білуге және осы сала сізге қолайлы ма екенін түсінуге мүмкіндік береді. FBLA – АҚШ-тағы мектеп оқушылары арасында өте танымал байқау. Байқау шарты бойынша, қатысушылар бір санатты таңдайды, қажетті тапсырмаларды (тест/презентация/есеп және т.б.) орындай отырып, келесі кезеңге өтеді. Жеңімпаз бизнес бастауда қолдау мен арнайы оқу бағдарламаларына қол жеткізеді.