Жаңалықтар
Нұр-Сұлтан қаласындағы NIS оқушысы Абу-Дабидегі Нью-Йорк университетінің грантына ие болды
Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Альбина Увашева Абу-Даби қаласындағы New York University (NYUAD) жоғары оқу орнының толық білім грантын иеленді.
Альбина – зияткерлік мектептің үздік, белсенді оқушыларының бірі. Оқумен қатар, ол еріктілердің қатарында болып, түрлі қайырымдылық жобаларға атсалысты. Мектептегі «Йога және пилатес» үйірмесінің жетекшісі де болды.
Қазіргі уақытта биология мен химия пәндерін тереңдетіп оқып жатырған Альбина армандаған NYUAD университетінің болашақ биоинженер маманы болуды қалайды.
– Университеттерді таңдаған кезде мен үш басты критерийлерді ескердім. Біріншісі – жоғары оқу орнының зерттеу жүргізу мүмкіндіктері. Екіншісі – кампустың әлеуметтік өмірі. Және үшіншісі – университеттің орналасқан жері. Мен таңдаған жоғары оқу орны осы критерийлерге толығымен сәйкес келеді. NYUAD техникалық жағынан жақсы жабдықталған, оның студенттері бірінші курстан бастап әр түрлі тақырыптарға зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар, NYUAD кампустағы белсенді қоғамдық өмірімен танымал. Оның көптеген рекреациялық іс-шаралары мен алуан түрлі үйірмелері назарымды өзіне аудартты. Оған қоса, маған өркендеп келе жатқан Абу-Даби қаласы ұнайды. Оның климаты мен инфрақұрылымы да керемет, – дейді жас зияткер.
Грант иегерінің сөзінше, Абу-Даби қаласында білім алып жатқан NIS IB түлектерінен ол жоғары оқу орын туралы көп естиді. Оның Нью-Йорк университетіне оқуға түсуді қалағаны соншалық, тіпті басқа университеттерге құжат тапсырмай, NYUAD-тың жауабын күтті. Арманына бір қадам жақындаған Альбина алдағы уақытта биоинженер саласы бойынша магистратура мен докторантура бағдарламаларын оқуды жоспарлап отыр. Ол өз саласының маманы болғысы келеді.
Абу-Дабидегі Нью-Йорк университетінің гранты Альбинаның оқу, жатын орын және жол шығындарын толық өтеп, медициналық сақтандыру мен оқулықтармен қамтамасыз етеді. NYUAD университеті әлемдегі ең жоғары қабылдау талаптарына ие. Статистикалық деректерге сүйенсек, орта есеппен алғанда оқуға тапсырушылардың шамамен 3 %-ы ғана өтеді. 2010 жылы алғаш студенттерін қабылдаған университет бүгінде инженерия, гуманитария-жаратылыстану бағытындағы мамандарды даярлайды. Университет Times Higher Education (THE) журналында жарияланатын әлемдік үздік университеттер рейтінгісінде 26-орында, QS Graduate Employability Ranking – түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша 11-орында тұр.