Жаңалықтар

Алмас Мұрат: «Менің қолымнан келмейді» деп айту – қате»

Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы Алмас Мұраттың «Ұлан» газетіне берген сұхбаты шықты.
 
«Әл-Фарабидің жаратылыстану трактаттарын зерттеу негізінде вакуум туралы рефлексия және шекті жазбалар» тақырыбымен ғылыми жоба қорғап, EXORTIUM ІІ халықаралық ғылыми байқауында І орын иеленген Алмас «Ұлан» газетіне не себепті әл-Фарабидің жаратылыстану трактаттарын зерттеу негізінде вакуум туралы рефлексияны зерттегенін әңгімелеп берген еді.
 
«– EXORTIUM ІІ халықаралық ғылыми байқауы туралы қайдан білдің?
 
– Жетекшім Арман Иманшарипова электронды поштама әртүрлі байқаулар туралы хаттар жібереді. Содан осы байқауға қатысып көруге ұсыныс айтты. Мұндай ғылыми байқауға алғаш қатысуым, яғни бұл менің алғашқы тәжірибем десе де болады. Ғылыми жобамның тақырыбын «Әл-Фарабидің жаратылыстану трактаттарын зерттеу негізінде вакуум туралы рефлексия. Шекті жазбалар» деп алдық.
 
Бастапқы кезде ғылыми жобаға кіріспес бұрын идеямыз көп еді. Әл-Фарабидің жаратылыстану бағытындағы трактаттарында математика, химия және физикаға байланысты пікірлері бар. Бірақ біз жетекшіммен осы вакуумға қатысты пікірге тоқталуды жөн көрдік. Өйткені бұл тақырып алдымен өзіме қызық болды. Ал бұған дейін айтылған тақырыптарды біз сабақтарда оқып-талдадық. Алайда вакуумге қатысты пікірді зерттемедік. Жетекшіммен жобаны жоспарлау барысында ұзақ ойландық. Содан әл-Фарабидің шығармашылығын қазіргі кезеңмен байланыстыруды жөн көрдік.
 
– Болашаққа жоспарың қандай?
 
– Нақты бекітілген жоспарым жоқ. Бірақ Назарбаев зияткерлік мектебін бітірген соң шет елге оқуға кеткім келеді. Шет елде оқып, тәжірибе жинақтап, Қазақстанға міндетті түрде ораламын. Құрдастарыма ешқашан қорықпау қажет екенін айтқым келеді. «Менің қолымнан келмейді» деп айту – қате. Адам шын қаласа, еңбек етсе, армандары міндетті түрде орындалады. Айтпақшы, жуырда «Жан» мультфильмін көрдім. Достарыма да көруге кеңес беремін. Мультфильмде қоғамның пікірі адамның таңдауына әсер етпеуі керек екенін айтады. Қанша адам болса, сонша пікір бар. Сондықтан ұнайтын іспен шұғылданып, сол үрдістен ләззат алсақ, нағыз өмір сүргеніміз деп ойлаймын.»
 
Алмас Мұраттың толық сұхбатын «Ұлан» газетінің ресми сайтынан оқи аласыздар (http://ulan.kazgazeta.kz/news/34164).