NIS IB оқушысы «Халықаралық Махамбет, Абай, Мұқағали оқулары» байқауында Бас жүлдеге ие болды
Жаңалықтар
Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық Бакалавриат мектебінің 11-сынып оқушысы Диана Алибекова ЖШС «ALASH өнер орталығы» ұйымдастыруымен Халықаралық Махамбет, Абай, Мұқағали оқулары байқауының Абай шығармашылығы бойынша топ жарып, үздік атанды.
Өлең сөзінің құдіреті мен қуатын жанымен сезініп, өнер бәйгесінде оза шапқаны үшін Бас жүлдені жеңіп алған Диана бейнелеу өнері номинациясы бойынша екі сурет ұсынған болатын. Бірінші, «Қазағымның тағдыры-ай» атты суреті Абай Құнанбайұлының «Қалың елім, Қазағым, қайран жұртым» лирикалық шығармасындағы халқы үшін қиналған, халқының тағдырына жаны күйген ақын үні негізінде салынған. Картинадан әрі авторды, әрі «жылы жүректі» адамды сезінуге болады.
– «Білімге асықшы, болашақ» атты картинам дана Абайдың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» лирикалық шығармасындағы білім-ғылым, өнер құндылықтарын адамзат өмірінің миссиясына бағыттау мақсатында салынған. Картинадан автордың адам болу, ел қатарлы озық өмір сүру, адамзатқа пайдалы болудың кілті – білімді болудан деген қағидасы көрініс табады, – дейді жас өнерпаз.
Сондай-ақ, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, жан-жақты тұлға қалыптастырудағы жетістіктері үшін және Халықаралық «Махамбет, Абай және Мұқағали оқуларына» даярлаған шәкірті жетістікке жетуі үшін елеулі еңбек атқарғаны үшін Диананың жетекшісі Алия Байжановаға Құрмет Грамотасы табысталды.
Онлайн өткен байқаудың мақсаты – төтенше жағдайға қарамастан балалардың шығармашылық жолындағы ізденістері мен шабыттары тоқырауға ұшырамас үшін, шығармашылықпен айналысуға ешқандай жағдайлар кедергі келтірмейтінін, кез-келген уақытта өнерлерін шыңдауға болатынын көрсетіп, шабыт сыйлау. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі өнерпаздар мен алыс-жақын шет ел өнерпаздарының басын біріктіріп, өнерлерін паш ету. Жас өнерпаздарды халыққа кеңінен таратып, олармен шығармашылық байланыс орнату.